ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҰМЫСТАР ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҰМЫСТАР ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен аудан әкімі аудандық полиция бөлімінің ғимаратында және аудандық мұрағатқа арналған ғимаратта жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көріп, мердігер мекемелерге құрылыс сапасын қатаң бақылап, жұмыстарды мерзімінде аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Содан соң Ербол Жиенқұлов Меркі бекетіндегі теміржол өткелінің құрылысына барып, жобаның жүзеге асу барысын пысықтады.

Келесі кезекте аудан әкімі Тасөткел ауылына кіреберіс жолдың асфальтталу жұмыстарымен танысты. Ұзындығы 1460 метрді құрайтын бұл жолға алғаш рет асфальт төселіп отыр.

Сонымен қатар Чалдовар елді мекенінде жаңадан салынып жатқан ауыз су жүйесінің құрылысын көрді. Аталған жоба биыл басталған болатын, қараша айына дейін толық аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, әкім Андас батыр ауылындағы ауыз су жүйесіне орнатылған су сүзгілерінің жұмысын тексерді.

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов нысандарды аралау барысында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтау қажеттігін атап өтті.