Меркі ауданында Орта Азияның екі алып елі – Қазақстан мен Өзбекстанның палуандары арасында еркін күрестен халықаралық деңгейдегі жолдастық кездесулер өтті.
Ауқымды шараға Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, Париж Олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Елдос Сметов, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, өзбек спортшысы Ихтиор Наврузов және өзге де құрметті қонақтар қатысты.
Кештің алғашқы белдесуі 57 келі салмақта өтті. Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері Рахат Қалжан Өзбекстан чемпионы Арслан Рахимовпен айқасып, жеңіске жетті.
Одан кейін 61 келіде бозкілемге шыққан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрланбек Әбдінұр қарсыласы Асадбек Сайдтураевты тізе бүктірді.
70 келіде Қуаныш Дүйсенқұл мен Мұхаммадкодир Кулдошев арасындағы белдесу тартысты өтті. Нәтижесінде ұпай саны тең болғанымен, соңғы ұпайды өзбек спортшысы алғандықтан, жеңіс Кулдошевке берілді.
74 келідегі айқаста Әлем чемпионы Мейіржан Аширов Азия чемпионы Аббос Рахмоновпен белдесіп, жанкүйерлерді елітірген жекпе-жекте табандылық танытып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал 79 келі салмақта Ергеш Дәулет пен 86 келіде Нұрдаулет Қуанышбай қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырмай, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Айта кету керек, жекпе-жектерге қатысқан палуандардың барлығы – Жамбыл облысының спортшылары. Оның ішінде төрт палуан Меркі ауданының мақтаныштары.
«Merke Wrestling» кеші достық пен ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, өңіріміздің спорттық беделін көтерді. Жеңімпаз спортшыларға 500 мың теңге, ал жеңілген палуандарға 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.
Сондай-ақ аудан әкімі Ербол Жиенқұлов шараға атсалысқан спортшылар мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, құрметті қонақ Ихтиор Наврузовқа алғыс хат табыс етті. Ал Елдос Сметовке қазақы дәстүрмен Меркі жұртшылығы ат мінгізді.
Шара меркілік өнерпаздардың концертімен жалғасты. Кеш барысында еліміздің атын әлемге әйгілі еткен әнші Фарух Тохтамуратов пен Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның әншісі Дамира Музатова және жергілікті өнерпаздар көрермендерге әсем әндерін тарту етті.