18 тамыз – Шекарашылар күніне орай Меркі аудандық Мәдениет үйінде айрықша салтанатты жиын өтті. Бұл күн – ел шебін күзетіп, тәуелсіздігімізді қорғап жүрген сарбаздар мен ардагер шекарашыларға құрмет көрсетілетін ерекше мереке.
Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ернар Әбілдаев қатысып, барша шекара қызметкерлерін құттықтады. Ол өз сөзінде сарбаздардың қайсарлығы мен жауапкершілігіне тоқталып:
– Шекара күзеті – мемлекеттіліктің берік қалқаны, тәуелсіздіктің нық тірегі. Күн-түн демей, қырағы күзетте тұрған шекарашыларымыздың еңбегі – ел тыныштығы мен бейбіт өміріміздің кепілі. Біз әрбір сарбаздың ерлігі мен табандылығын жоғары бағалаймыз, – деді Ернар Ғалиұлы.
Мерекелік жиын барысында бірқатар шекарашы сарбаздар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – олардың адал қызметіне, Отанға деген шынайы ықыласы мен қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға.
Шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған әсерлі концертке ұласты. Патриоттық рухтағы әндер мен әсем билер шырқалып, ел шебін күзетіп жүрген азаматтарға рухани серпін сыйлады.
Осылайша, мерекелік кеш Меркі жұртшылығының Отан қорғаушыларға деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысын айқын көрсеткен тағылымды шараға айналды.