Аудан көлемінде ауылдар арасында «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» мәдени-өнер байқауы басталған болатын. ҚР Конституциясының 30 жылдығына, Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және ауданымыздың Құрметті азаматы, белгілі ақын Шырын Мамасерікованың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған байқау алғашық болып Сұрат ауылында өткізілген болатын.
Сұрат ауылынан кейін эстафетаны Тәтті ауылы жалғап, байқау нағыз ұлттық мерекеге айналды. Ауыл қақпасында көкпаршылар шеруі қарсы алып, мереке мәдениет үйі алаңында жалғасты. Киіз үйлер тігіліп, сахна безендірілді, қонақтарға ұлттық сусындар ұсынылды, асыл тұқымды қойлардың көрмесі ұйымдастырылды. Киіз үй ішінде ұлттық қолөнер көрмесі де өз орнын тапты.
Шара Белгібай Айнақұлов ақсақалдың батасымен ашылды. Одан кейін аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жұмахан Жантелиев пен ақын Шырын Мамасерікова сөз сөйлеп, өнер додасына сәттілік тіледі. Ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі Шәрбану Жуасбекова ақынға гүл шоғын ұсынып, ақ орамал жапты.
Тәттілік өнерпаздар да сахна төрін думанға бөледі. «Балбырауын» күйі күмбірлеп, бүлдіршін Медина көркемсөз оқып, Шырын апамыздан гүл алды. Өнер мен спортты қатар ұстанған ауылдың бес бірдей әлем чемпионы сахнада құрметке бөленді. «Үкілі қыз», «Әридай-ау», «Бақыт деген немене» әндері, бүлдіршіндердің гимнастикалық өнері, ана мен баланың орындауындағы «Алаш аманаты» күйі көпшіліктің көңілінен шықты. Келіндер сахналаған әзіл көрініс көрерменді күлкіге қарық қылды.
Кеш соңында ауыл ақсақалдары мен қазылар алқасы сөз сөйлеп, екі ауылда өткен байқау кезеңдеріне тоқталды. Осылайша, «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» байқауы ауыл өнерін дәріптеп, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртатын маңызды мәдени шараға айналып отыр.