Аудан көлемінде ауылдар арасында өткізілетін «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» мәдени-өнер байқауы биылғы жылы айрықша мәнге ие болып отыр. Шара ҚР Конституциясының 30 жылдығына, Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және ауданымыздың Құрметті азаматы, белгілі ақын Шырын Мамасерікованың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылуда.
Байқаудың мақсаты – ауылдағы өнерлі жандардың шығармашылығын кеңінен насихаттап, олардың өнерге деген ынтасын арттыру, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу және салт-дәстүр мен дәстүрлі өнерді дәріптеу.
Алғашқы өнер додасы Сұрат ауылында басталды. Кеш шымылдығы ұлттық нақышпен безендірілген сахнада ашылып, көрермен назарына қолөнер бұйымдары мен қолданбалы өнер туындылары қойылды. Бұл көрме ауыл тұрғындарының өз мәдениетіне деген шынайы құрметін көрсетті.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Сұраттық өнерпаздар көркемсөзден бастап, әсем әуен мен ұлттық билерге дейін түрлі жанрда өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңында ақын Шырын Мамасерікова мен ауыл әкімі Ғани Абақ сахнаға шығып, қатысушыларға алғыстарын білдірді. Олар мұндай рухани-мәдени шаралардың ауыл өмірін жандандырудағы, жас ұрпақ бойына ұлттық рух пен өнерге сүйіспеншілік сіңірудегі маңызын ерекше атап өтті.