Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аудандық аппарат кеңесі өтті. Кеңестің күн тәртібінде жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, Меркі ауданында 58 мемлекеттік білім беру ұйымы, 3 жеке мектеп және 17 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. 2025-2026 оқу жылында 35 мектепте 16 850 оқушы білім алады, оның ішінде 1 350 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Білім сапасы 71%-ға жетіп, ҰБТ орташа балы 80,1-ге көтерілген. Аудан мектептері 100% интернетпен қамтылып, оқулықтар толық жеткізілген. 4 мектепке STARLINK спутниктік интернеті қосылып, 6 850 оқушы тегін тамақпен қамтылады. Биыл бірқатар мектеп пен балабақшада күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың қауіпсіздігі үшін барлық білім беру нысандары бейнебақылау және дабыл жүйесімен толық жабдықталған.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі барлық салалық бөлімдерге жаңа оқу жылына дайындықты жан-жақты қамтамасыз етуді тапсырды. Атап айтқанда, балаларды ыстық тамақпен қамтуда санитарлық талаптардың сақталуын қатаң қадағалау, білім беру нысандарының маңындағы жол белгілерін ретке келтіру, мектеп базасындағы қауіпсіздік шараларын бақылауда ұстау, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан білім нысандарын белгіленген мерзімде толық аяқтау міндеттелді. Сондай-ақ мектеп жанындағы қосалқы электр стансаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жылыту маусымына дейін білім ұйымдарының жылыту қазандықтарын толық дайындау бойынша нақты тапсырмалар берілді.