Бүгін Меркі ауданында ветеринария саласы мамандарының кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов, сала ардагерлері мен мамандары және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Іс-шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Ғалымұлы көпшілікке Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың құттықтау хатын оқып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол өңірде ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
«Облыс бойынша жарамсыз деп танылған 75 ветеринариялық пункттің біреуі жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 44 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал қалған 30 ветеринариялық пункт келесі жылы бой көтереді», – деді Әбілхайыр Тамабек.
Сондай-ақ, ол сала мамандарына көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы да айтты.
«Биыл облыста ветеринария қызметкерлеріне 50 қызметтік көлік берілді. Жыл соңына дейін тағы 50 көлік, ал келесі жылы қосымша 40 көлікпен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар, 1100 қызметкерге жазғы арнайы киім мен аяқ киім табысталды. Күзде дәл осындай көлемде қыстық формалар беріледі», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты жиын барысында Әбілхайыр Тамабек бірқатар сала мамандарын «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапаттады. Бұдан бөлек, бірқатар қызметкерлер Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамотасы мен «Аманат» партиясы облыстық филиалының Алғыс хатына ие болды.
Шара барысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов та көпшілікті құттықтап, аудан көлемінде еселі еңбегімен ерекшеленген ветеринария қызметкерлерін Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, аудандағы ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, облыс және аудан өнерпаздары қонақтарға ән шашу тарту етті.
Іс-шара соңы ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстармен түйінделді. Әр ауданнан келген командалар асық ату, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, арқан тарту және 50 келі қаптағы құмшекерді көтеру сынды спорттық сайыстарда бақ сынап, ең мықтылар анықталды.