МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ НАҚТЫ НӘТИЖЕСІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ НАҚТЫ НӘТИЖЕСІ

Меркі ауданында «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар қатары артып келеді. Аталған бастама ауыл тұрғындарының табысын арттырып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытудың тиімді тетігіне айналып отыр.

Аудан бойынша бүгінге дейін жалпы 189 жоба ұсынылып, оның 51-і нақты қаржыландырылды. Соның ішінде Андас батыр ауылдық округінен 6 жоба мақұлданып, іске асырылып жатыр. Бұл ауылдық округте кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтар саны артып келе жатқанын көрсетеді.

Сол жобалардың бірі – Аралқыстақ ауылының тұрғыны Әсел Тұлыбекованың бастамасы. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, 40 сотық жерге ремонтант сұрыпты таңқурай көшеттерін отырғызған. Бұл бастама ауылда алғаш рет қолға алынған ерекше жобалардың бірі ретінде бағалануда.

Кәсіпкер өз ісін 2024 жылдың қазан айында бастаған. Бүгінде таңқурай көшеттері 160 сантиметрге дейін жайқалып өсіп тұр. Әсел Тұлыбекованың айтуынша, таңқурай – ерекше күтімді қажет ететін дақыл. Көшеттерге тамшылатып суару әдісі қолданылады, сондай-ақ уақытылы қоректік тыңайтқыштар мен дәрумендер беріледі. Бұл – мол әрі сапалы өнім алудың негізгі кепілі.

Қазіргі таңда кәсіпкер тұрақты түрде екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта егіс көлемін арттырып, ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

«Ауыл аманаты» – ауыл тұрғындарының нақты табыс табуына және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау құралы. Осындай жобалар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, жергілікті кәсіпкерлікті өркендетуге және ауыл экономикасын нығайтуға өз септігін тигізіп отыр.