АУДАН ӘКІМІ ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

АУДАН ӘКІМІ ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Ақарал ауылдық округінде орналасқан «Сейфулла» шаруа қожалығының егіс алқабына барып, биылғы егін жинау науқанының барысын көзбен көріп, шаруашылықтың жұмысымен танысты.

Аталған шаруа қожалығы қазіргі уақытта 60 гектар егіс алқабын игеруде. Оның 20 гектарына арпаның «Бәйшешек» сұрпы, 25 гектарына бидайдың «Стекловидный» сұрпы, ал қалған 15 гектарына жоңышқа дақылы егілген. Науқанды мерзімінен бұрын бастап кеткен қожалық қазіргі таңда орақ науқанын аяқтауға таяу.

Шаруашылық жетекшісі Айдар Таировтың айтуынша, гектарынан орта есеппен 400 келі арпа және 1 тоннаға дейін бидай өнімі жиналуда.

Аудан әкімі агроөнеркәсіп кешенінің дамуы ел экономикасының негізі екенін атап өтіп, ауыл еңбеккерлерінің маусымдық жұмыстарға дайындықты жүйелі ұйымдастыруы мен белсенді еңбегіне оң бағасын берді. Сондай-ақ, аудан басшысы шаруа қожалығы тарапынан агротехникалық талаптардың сақталуы мен еңбек өнімділігінің жоғары деңгейде екеніне назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстардың өзге шаруашылықтарға да үлгі болатынын атап өтті.

Аудан әкімінің жұмыс сапары барысында алдағы егін орағы науқанын тиімді ұйымдастыру, астықтың әрбір тоннасы үшін тиімділікке жұмыс істеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар нақты тапсырмалар берілді.