САЛАҒА ҚҰРМЕТ – ЕҢБЕККЕ ТАҒЗЫМ

САЛАҒА ҚҰРМЕТ – ЕҢБЕККЕ ТАҒЗЫМ

Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Ербол Жиенқұлов осы салада аянбай еңбек етіп жүрген бір топ маманды арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудан басшысы су шаруашылығы – ауыл шаруашылығы саласының ажырамас бөлігі екенін, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы осы саланың тиімділігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

         – Су – тіршіліктің ғана емес, тіршілікті қамтамасыз ететін ең маңызды ресурстардың бірі. Ауыл шаруашылығы саласының өркендеуі – егіннің бітік шығуы мен малдың өсімі ең алдымен жерге уақытылы және жеткілікті су жеткізуге байланысты. Бұл – көпшілік байқай бермейтін, бірақ елдің азығы мен нарықтың тұрақтылығына тікелей ықпал ететін маңызды еңбек. Осы салада жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандарымыздың үлесі зор. Олардың әрқайсысы – күрделі әрі жауапты жұмыстың иесі, – деді Ербол Жиенқұлов.      

Кәсіби мерекеге орай көп жылғы адал қызметі мен жоғары кәсіби жауапкершілігі үшін сала мамандарына Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар – олардың күнделікті елеусіз көрінетін, бірақ ел игілігіне қызмет ететін табанды еңбегіне берілген әділ баға ғана емес, жастарға үлгі боларлық өнеге ретінде де бағаланады.   

Су шаруашылығы – тек суды тарату емес, ол – табиғатты, суды, жерді тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді қызмет. Бұл саладағы әр маман – инженер, гидротехник, бақылаушы – өз ісіне жанашырлықпен қарайтын, кәсібін терең меңгерген мамандар. Су көздерін реттеу, арналар мен тоғандарды күтіп ұстау, суару маусымдарын үйлестіру – үлкен тәртіптілік пен кәсіби ептілікті қажет етеді. Осындай қажырлы еңбек иелеріне құрмет көрсету – қоғам алдындағы парызымыз.      

Сала мамандарына көрсетілген құрмет – олардың кәсіби шеберлігіне берілген лайықты баға ғана емес, ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесінің белгісі. Меркі ауданында су шаруашылығы саласын жетілдіру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және мамандардың еңбегін бағалау алдағы уақытта да назарда бола бермек.