АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРГЕ ЖҰМЫС САПАРЫ: БАСЫМДЫҚТАР МЕН ТАПСЫРМАЛАР

АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРГЕ ЖҰМЫС САПАРЫ: БАСЫМДЫҚТАР МЕН ТАПСЫРМАЛАР

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жұмыс сапарымен бірнеше ауылдық округке барып, жүргізіліп жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аудан әкімінің жұмыс сапары Тәтті ауылынан басталып, мұнда бой көтеріп жатқан типтік ветеринариялық пункт пен оның жанында орналасқан мал шомылдыруға арналған нысанның құрылысы назарға алынды. Биылғы жылы басталған нысан құрылысы аяқталуға таяу. Аудан әкімі құрылыс сапасын бақылауда ұстауды ескертіп, уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.

Одан кейін Ербол Жұмабекұлы Рысқұлов ауылдық округіне қарасты Интернационал ауылында болды. Мұнда ол ауыл ішіндегі спорт залының жағдайын көріп, тиісті күтім мен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша округ әкіміне нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Көкжиек көшесі мен жаңа тұрғын алқабына жалғасатын жол құрылысының барысын тексеріп, мердігер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Сапар аясында аудан әкімі Қостоған ауылдық округінде де болды. Мұндағы мәдениет үйінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының қарқынына назар аударып, бірқатар кемшіліктерді атап өтті. Мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жедел әрі сапалы аяқтау жөнінде талап қойылды.

Сондай-ақ, ауыл әкімі аппаратының ғимараты, кіші футбол алаңы, көше тазалығы мен абаттандыру жағдайы да назардан тыс қалмады. Ербол Жиенқұлов округ әкіміне қоғамдық орындардың жай-күйін жақсартып, елді мекенді көркейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.