БАҒБАНДАРҒА АРНАЛҒАН ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

БАҒБАНДАРҒА АРНАЛҒАН ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін  бақ өсірумен айналысатын шаруалар тәжірибе алмасу мақсатында семинар өткізді. Іс-шара Жамбыл ауылындағы бағбан Бақтияр Зайтілдаевтың бақ шаруашылығында ұйымдастырылды.

Семинарға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ахан Алтынбаев, ауылдық округ әкімдері және ауданның бағбандары қатысты.

Семинардың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымбайұлы сөз сөйлеп, семинардың мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Ол бақ өсіру ісі Меркі ауданында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, бүгінде ауданда жалпы көлемі 420 гектар болатын 32 бақ шаруашылығы жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, бұл бағытта тәжірибе алмасу алаңдарының маңызын атап өтіп, шаруаларға сәттілік тіледі.

Шара барысында Бақтияр Зайтілдаев өзінің 16 гектарлық бағын таныстырып, онда өсірілетін алма, өрік, шие, шабдалы, алмұрт сияқты жеміс ағаштарының шетелдік сұрыптары және оларды күтіп-баптау тәсілдері жөнінде ақпарат берді.

Сондай-ақ, семинарға қатысқан бағбандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бақ өсірудің түрлі әдістері жөнінде ой-пікір алмасты.

Іс-шараға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері де қатысып, бақ өсірумен айналысатын шаруаларға көрсетілетін қолдау түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Семинар барысында шаруалар мұндай тәжірибе алмасу алаңдарын алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізу қажеттігін айтып, бұл бағыттағы бастамаларды қолдауға дайын екендерін жеткізді.