МЕДИЦИНАЛЫҚ АХУАЛ МЕН САНИТАРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА

МЕДИЦИНАЛЫҚ АХУАЛ МЕН САНИТАРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтіп, онда өңірдің денсаулық сақтау саласы мен санитариялық-эпидемиологиялық ахуалына қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Кеңесте алдымен аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Анель Мухаева баяндама жасап, медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша медициналық инфрақұрылым 93,4 пайызға жаңартылған. Амбулаторлық деңгейде 7273 тұрғын тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Сонымен қатар, диспансерлік есептегі науқастар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17094-тен 14371-ге дейін төмендеген. Алайда салада шешімін күткен түйткілдер де бар. Атап айтқанда, аудан бойынша 15 түрлі дәрігер мамандары жетіспейді және бірқатар елді мекендерге реанимобиль қажеттігі туындап отыр.

 

Кеңесте қаралған келесі мәселе – аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал жайлы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ділдаш Құдарова баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы 5 айында аудан аумағында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеген. Инфекция ошақтарында тиісті эпидемияға қарсы іс-шаралар уақытылы жүргізіліп, жұқпалы сырқаттардың таралуына жол берілмеген. Сонымен қатар, халықты вакцинациямен қамту жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Әсіресе балалар мен ересектер арасында екпе алу көрсеткішін арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп отыр.

 

Кеңес қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов екі саладағы да мәселелердің өзектілігін ескеріп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, нақты жоспармен әрі кешенді түрде жүргізу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығын жою, шалғай елді мекендерді жылжымалы медициналық көлікпен қамту бойынша ұсыныстарды пысықтап, нақты шешімдер қабылдау қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, вакцинация бойынша жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарын тек медицина саласы ғана емес, білім, жастар саясаты, дін істері секілді салалармен бірлесе отырып, нәтижеге бағытталған форматта жалғастыру керек екенін айтты.

«Халықтың денсаулығы – ең басты байлығымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар үйлесімді, жүйелі және нәтижелі болуы тиіс», – деді аудан әкімі.