
Меркі ауданында еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы кездесуді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім басшылары Әділет Ешенханұлы Ажиров пен Жанат Джетибаевна Мухатаева өткізді.
Жиында еңбек қатынастарын заңдастыру, жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек шарттарын цифрлық форматта рәсімдеу және жаңа жұмыс орындарын тиімді ұйымдастыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Атап айтқанда, мамандар кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін күшейту, жұмысшыларды өндірістік жарақаттан сақтандыру шаралары, сондай-ақ еңбек шарттарын e-HR (электронды еңбек келісімдері) жүйесіне енгізу тәртібі бойынша жан-жақты түсініктеме берді. Сонымен қатар, еңбек тәуекелі жоғары саналатын кәсіпорындардың «Скорингтік модельге» енгізілуі және инвестициялық жобалар аясында ашылған жаңа жұмыс орындарын тиімді басқару тәсілдері талқыланды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ахан Алтынбаев, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Нарікбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржан Төлебаев, бөлім басшысының орынбасары Алмаз Омар, сондай-ақ аудандық «Мансап» орталығының маманы М.Дәмен қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар салаға қатысты сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Тараптар еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.