Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аудандық аппарат кеңесі өтті.
Кеңестің күн тәртібінде дене шынықтыру және спорт бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары мен суармалы кезеңнің өту барысы қаралды.
Алғашықы мәселе бойынша бөлім басшысы Жасұлан Жантелиев баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде ауданда 269 спорт нысаны жұмыс істейді, ал 3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2395 оқушы спортпен айналысады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 145 бұқаралық спорттық іс-шара өтіп, оған 18 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Дегенмен, бөлім басшысы кейбір спорт алаңдарының тозуы, жабдықтардың жеткіліксіздігі және спортшыларға арналған инфрақұрылымның жетіспеуі сияқты бірқатар мәселелердің бар екенін атап өтті.
Келесі мәселе бойынша аудандық «ҚазСуШар» мекемесінің басшысы Мәлік Әділқұлов баяндады. Оның айтуынша, ауданда 194 су пайдаланушымен келісімшарт жасалған. Су тапшылығы мен каналдардың тозуына байланысты су беру тиімділігі (ПӘК) төмендеп отыр − Үлкен Шу каналында небәрі 36%. Осыған орай, суды құбыр арқылы жеткізу, жаңа ұңғымалар бұрғылау және Қасқасу шатқалында 28 млн. м³ су жиналатын қойма салу ұсынылуда. Бұл шаралар 5 900 гектарға дейінгі егістік алқапты тұрақты суаруға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов көтерілген мәселелерді шешуде жүйелі әрі нақты әрекет қажет екенін атап өтті. Ол дене шынықтыру және спорт саласындағы инфрақұрылым және басқа да жүйелік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдарын ұйымдастыруды, сондай-ақ суармалы кезеңде суды тиімді әрі әділ үлестіру үшін ауыл әкімдері мен тиісті бөлімдерге өзара іс-қимыл жасауды тапсырды. Әкім өз сөзінде бұл бағыттағы жұмыстардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.