Сенбі күні, аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жұмыс сапарымен бірнеше ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, егістік алқаптарының жай-күйімен танысты. Сапар барысында аудан басшысы әрбір шаруашылықтағы озық тәжірибелер мен тың бастамаларға назар аударып, агроөнеркәсіп саласын әртараптандыруға бағытталған жұмыстармен танысты.
Сапар Жамбыл ауылындағы “Қуан и Д” шаруа қожалығынан басталды. Биыл бұл қожалық ауданда алғашқылардың бірі болып табыстылығы жоғары дақылдардың бірі – фасоль өсіруге бет бұрған. Қожалық жетекшісі өнімділікті арттыру мақсатында Қырғызстаннан әкелінген тұқымды қолданып, 35 гектар алқапқа егіс жүргізген. Сонымен қатар, жаңбырлатып суару технологиясы енгізіліп, суды үнемдей отырып, өнім сапасын жақсартуға жол ашылған.
Одан кейін аудан әкімі “Мәулен” шаруа қожалығына барып, мұнда егілген 40 гектар қант қызылшасы алқабын аралап көрді. Бұл шаруашылықта да заманауи тәсілдер қолданылуда – атап айтқанда, дақылдардың сапасын арттыру үшін тамшылатып суару әдісі енгізілген.
Келесі кезекте “Жақсылық” шаруа қожалығында болып, күздік арпаның “стекловидный” сұрпы өсіріліп жатқан алқапты аралады. Қожалық қазіргі уақытта егін жинау науқанына қызу дайындық үстінде.
Жұмыс сапарының соңғы нысаны – “Нұр-Шам” шаруа қожалығы. Мұнда қожалық иесі Сыдық Ауғанбаев “Golden Excellence” сұрыпты алма бағын отырғызып, 22 гектар жерге жайқалтып бау-бақша өсіруде. Аталған жеміс бағы қарқынды дамып, берері мол күтімді қажет етеді. Қазіргі таңда бау бақша жоғары өнім беріп, үмітті ақтауда.
Аудан басшысы сапар барысында ауыл шаруашылығын әртараптандыру, заманауи технологияларды енгізу, су ресурстарын ұтымды пайдалану және өнім көлемін арттыру мәселелеріне баса мән берді. Шаруалармен пікірлесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, болашақта бұл бағыттағы қолдаулар жалғасатынын жеткізді.