Бүгін аудандық «Үміт» оқушылар сарайында «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қатысып, білім бәйгесінде дараланған үздік түлектерге жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен бірге, ұзақ жылдық еңбегінің жемісін көріп отырған ұстаздар мен ата-аналарға да алғысын білдірді.
− «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау – ауданымыз үшін маңызды әрі жауапты сәттердің бірі. Бұл – жас ұрпақтың білім мен тәрбиедегі жетістігін тану ғана емес, бүкіл білім беру жүйесінің нәтижесін айқындайтын нақты көрсеткіш – деді аудан әкімі.
Биылғы оқу жылында аудан мектептерін 994 түлек тәмамдаса, соның ішінде 58 оқушы − «Алтын белгі», ал 92 түлек − үздік аттестат иегері атанып, мерейімізді өсірді.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі білім додасында озық шыққан шәкірттерге «Алтын белгіні» өз қолымен табыс етті.
Шара аясында көрермен қауымға арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ұсынылып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кеш жүргізушілері «Алтын белгі» иегерлерімен сұқбат жүргізіп, олардың алдағы оқу жоспарлары мен асқақ армандары туралы әңгімелесті. Болашағына сеніммен қарайтын жас түлектер өз мақсаттарын ашық айтып, көрерменнен қолдау тапты.
Бұл күн – тек үздіктерді ұлықтау ғана емес, болашаққа жол ашқан жарқын бастаманың нышаны.
Барша түлектерді жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алда үлкен өмір жолы күтіп тұр. Ақ жол, жас түлек!