МЕРКІДЕ – СПОРТТЫҚ ЖАРТАСҚА ӨРМЕЛЕУДЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

МЕРКІДЕ – СПОРТТЫҚ ЖАРТАСҚА ӨРМЕЛЕУДЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Меркі жерінде еліміз үшін ерекше спорттық оқиға – табиғи жартас бедеріне өрмелеуден Қазақстан Республикасының чемпионаты өз жалауын көтерді. Бұл – Меркі ауданы тарихында алғаш рет өтіп отырған айтулы жарыс. Шараның маңыздылығы – тек спорттық деңгейде ғана емес, сонымен қатар өңіріміздің табиғи-туристік әлеуетін арттыруға қосар үлесінде.

Жарысқа Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласы және Жамбыл облысынан келген 30-ға жуық кәсіби спортшылар қатысуда. Олардың арасында бұл спорт түрінің майталмандары да бар. Чемпионаттың ашылу рәсіміне Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл бастаманың аудан үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

Жарыстың ресми бөлігінде ҚР спорттық жартасқа өрмелеу бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Сергей Антольевич жарыстың ережелері мен қауіпсіздік талаптарына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ашылу рәсімінен кейін спортшылар Меркі аумағындағы табиғаты әсем Сүйіндік шатқалына бет алып, жартасқа өрмелеудің алғашқы кезеңіне кірісті. Табиғи бедерде өтетін мұндай жарыстар ерекше дайындықты және кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан да жарыс алаңында спортшыларға қажетті техникалық қауіпсіздік құралдары, кәсіби инструкторлар мен медицина қызметкерлері толықтай қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, дәл осы Сүйіндік шатқалының таңдалуы да бекер емес. Мамандардың айтуынша, Жамбыл облысы аумағында жартасқа өрмелеу спорты үшін қолайлы табиғи бедер тек Меркі тауларында ғана бар. Бұл өз кезегінде Меркі өңірінің альпинизм мен экстремалды спорт түрлеріне қолайлы екенін тағы бір дәлелдеп отыр.

Жарыс алдағы үш күн бойы жалғасып, спортшылар бірнеше кезең бойынша шеберліктерін сынайтын болады.

Чемпионатты ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта дәстүрге айналып, турнирдің географиясы кеңейіп, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге жол ашылады. Бұл – ауданымыздың туристік кластерін дамытуға серпін беріп, Меркінің жаңа қырынан танылуына мүмкіндік береді.

Спорт пен табиғат тоғысқан бұл чемпионат аудан тарихындағы тағы бір жарқын белеске айналары сөзсіз.