МЕРКІДЕ ЕРКІН КҮРЕСТЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАТЫРЛАР АЙҚАСЫ ӨТТІ

МЕРКІДЕ ЕРКІН КҮРЕСТЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАТЫРЛАР АЙҚАСЫ ӨТТІ

Жуырда  Меркі ауданында халықаралық деңгейдегі маңызды спорттық шара – «Батырлар айқасы» атты еркін күрестен жолдастық кездесу өтті. Бұл додада жергілікті Меркі ауданы мен көршілес  Қырғыз Республикасының таңдаулы балуандары белдесіп, спорт сүйер қауымға тартысты әрі шеберлікке толы кездесулер сыйлады.

 

Жарысқа екі елден алты салмақ дәрежесі бойынша іріктелген мықты балуандар қатысты. Кештің қорытындысы бойынша жергілікті команда 5:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл спортшыларымыздың жоғары дайындық деңгейін, тәжірибесін және шеберлігін айқын көрсетті.

 

79 келі салмақта өнер көрсеткен Дәулет Ергеш өзінен техника жағынан қалыспайтын Бекзат Жамбуловты басымдықпен ұтып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Бұл кездесу қазақ балуанының қарсыласын толық оқып, басым әрекет еткенінің нақты дәлелі болды.

 

Ал 86 келіде бозкілемге шыққан Нұрдаулет Қуанышбай қырғыз балуаны Стамбул Жаныбек уулына ешқандай мүмкіндік қалдырмай, таза жеңіс тіркеді. Бұл белдесуде Нұрдаулеттің физикалық дайындық деңгейі мен жылдамдығы ерекше көзге түсті.

 

70 келі салмақта өткен ең тартысты кездесулердің бірінде Мейіржан Әшіров тәжірибелі қарсыласы Адилет Жапаркуловпен күресті. Белдесу барысында қарсыласының бірнеше әдісін сәтті тойтарып, соңғы кезеңде шабуылға көшкен Әшіров жеңісті жұлып алды. Бұл жеңіс жанкүйерлер үшін күтпеген, бірақ өте әсерлі сәт болды.

 

Сонымен қатар, Базарбаев Мерей – Карачов Абдумаликті, Дастанбек Өсімжан – Сманбеков Алмасты сенімді түрде ұтып, командалық есептегі артықшылықты бекіте түсті. Тек Қуанышбай Ердос қырғызстандық Таалайбек уулы Омурбектен ұтылып, біздің құрама бір ғана жеңіліс тіркеді.

 

Кештің шарықтау шегі – балуандардың намыс пен шеберлікке толы белдесулері ғана емес, қос ел арасындағы достық пен спорттық ынтымақтастықты нығайтуда маңызы зор шара ретінде есте қалды. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар спорт кешін ерекше ықыласпен қабылдап, жеңімпаздарды қошеметпен шығарып салды.

 

Жолдастық кездесудің басты мақсаты – жас буынды салауатты өмір салтына баулу, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу және халықаралық тәжірибе алмасу болды. Меркі төрінде өткен бұл жарыс өңір спортының әлеуеті бар екенін тағы бір мәрте көрсетті.