«ЖҰЛДЫЗ» САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

«ЖҰЛДЫЗ» САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Меркі ауданында балалар үшін «Жұлдыз» жазғы сауықтыру лагері салтанатты түрде ашылды. Балалық шақтың шаттыққа толы сәттері бастау алған бұл шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, Жамбыл облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нынбаев, ата-аналар мен ұстаздар қауымы қатысты.

         Ашылу салтанатында Құрманбек Жандарбеков атындағы өнер мектебінің ұжымы дайындаған әсерлі концерттік бағдарлама көрермендердің көңілін көтеріп, балалардың демалысына сән қосты. «Кезбе музыканттар» қойылымы, «Бақытты балалық шақ» әні мен флешмобтар, «Алаш аманаты» композициясы, ұлттық нақыштағы әндер мен билер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

         Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Ербол Жиенқұлов балаларды лагердің ашылуымен құттықтап, жазғы демалыстарының жарқын әрі мазмұнды өтуіне тілектестік білдірді. Ал департамент басшысы Мұхит Нынбаев балғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі қызықты орта қалыптастыру – білім саласының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

         Айта кету керек, биылғы жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстары аудандық білім бөлімінің бастамасымен қолға алынған «ЖАЗ-2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама шеңберінде 9 маусым мен 2 тамыз аралығында тау бөктерінде орналасқан «Жұлдыз» лагерінде 4 ауысымда барлығы 360 бала тынығады деп жоспарлануда. Әлеуметтік осал санаттағы, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қиын жағдайдағы отбасылардан шыққан 90 бала лагерьдің алғашқы ауысымына қабылданып үлгерді.

         Сонымен қатар, 2-27 маусым аралығында аудан бойынша 35 мектеп жанындағы лагерьлерде 1-10 сынып аралығындағы 15 492 оқушы жазғы сауықтырумен қамтылуда. Оның ішінде 15 184 оқушы қызығушылықтарына сай үйірмелер мен спорттық секцияларға тартылса, 4 567 бала көгалдандыру мен еңбек бағытындағы жұмыстарға жұмылдырылған.