Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аудандық аппараттық кеңес өтті. Кеңесте екі негізгі мәселе қаралды: хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы және жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтырылуы, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары.
Алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы Әлішер Тілемісов баяндама жасап, аудан әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауында және өткен кеңестерде берген хаттамалық тапсырмалардың орындалу жайына тоқталды. Ол орындалған және орындалмаған тапсырмалар бойынша жан-жақты баяндама жасап, нақты деректер келтірді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева баяндама жасады. Оның айтуынша, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары «ЖАЗ-2025» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. 2 маусым мен 27 маусым аралығында мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастады. Бұл лагерьлерде аудан бойынша 1-10 сынып аралығындағы 15 492 оқушы толық қамтылуда. Сонымен қатар, тау бөктеріндегі «Жұлдыз» сауықтыру лагері 9-маусым мен 2-тамыз аралығында 4 ауысымда жұмыс істейді. Онда 360 баланың демалуы жоспарланған. Әлеуметтік тұрғыдан осал және арнайы санаттағы 955 оқушы мектеп жанындағы тегін тамақпен қамтылатын сауықтыру лагерьлерінде демалуда.
Кеңес қорытындысы бойынша аудан әкімі Ербол Жиенқұлов күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Ол берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуы халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін баса айтып, бұл жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда болуы тиіс екенін нақтылап айтты.
Сонымен қатар, кеңес барысында ауылдық округтерде абаттандыру және санитарлық тазалық бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындылары тыңдалып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.