Балалар мерекесіне орай, Меркі ауданы, Жамбыл ауылында ерекше қуаныш орын алды. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл халқының ұйымшылдығы мен бауырмалдығының арқасында бой көтерген жаңа баспана өз иесін тапты.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары, жүрегі жомарт азаматтар жиналды.
Жаңа үйдің кілті – 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі Мұрат Аликулов пен оның жұбайы Гүлмира Сабденбековаға табысталды. Бұл – ауыл жұртының ауызбіршілігі мен ізгілікке толы пейілінің нақты көрінісі болды.
Аудан әкімі жүрекжарды лебізін білдіріп, игі істің басы-қасында жүрген жандарға шынайы алғысын жеткізді. Өз кезегінде ауыл биі Аманбай Бексұлтанов, ақ жаулықты аналар мен ақсақалды қариялар батасын беріп, игі дәстүрдің жалғаса беруін тіледі.
Айта кетейік, төрт бөлмелі жаңа үй заманауи талаптарға сай салынған. Іші кең, жарық, еуроүлгіде әрленген. Жиһаздары мен тұрмыстық техникасы да толық қамтылған.
Жомарт жандарға округ әкімдігі атынан арнайы алғыс хаттар табысталды.
Бұл – жай ғана баспана емес, жүректен жүрекке жол тартқан мейірімнің, асардың дәстүрінің жарқын үлгісі. Осындай ізгілікті үштастырған «Асарлатып үй салу» жобасы бұдан әрі де жалғасын табады. Жыл соңына дейін ауданымызда Кеңес, Тәтті, Сарымолдаев, Ақарал және Сұрат ауылдық округтерінде де дәл осындай игі бастамалар жүзеге аспақ.