Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік инфрақұрылымның 4 926 объектісін бейімдеу бойынша іс-шаралар өткізді. Қазақстанда соңғы үш жылда барлығы 13,8 мыңнан астам нысан бейімделді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2023 жылы бейімделуге жоспарланған 5416 объектінің ішінен жергілікті атқарушы органдар 4 926 объектіде бейімделу іс-шараларын жүргізді, бұл жоспарланған көлемнің 91%-ын құрайды.
2023 жылға арналған бейімдеу жоспарын іске асыру бойынша Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстары толық, жүз пайыздық оң нәтиже көрсетуде. Алматы қаласында жоспардың 90%-дан астамы іске асырылды. Ал, Астана, Шымкент, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарында керісінше жоспардың орындалуы 90 %-дан төмен болып, жақсы көрсеткіш байқалмайды.
Ел бойынша мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:
- білім беру объектілері – 5847 (мектептер, балабақшалар және т. б.);
- денсаулық сақтау объектілері – 2160 (ауруханалар, емханалар, дәрігерлік амбулаториялар және т. б.)
- мәдениет объектілері – 1433 (мәдениет үйлері, театрлар және т. б.);
- мекемелер мен ұйымдар (оның ішінде мемлекеттік) – 2695 (жергілікті атқарушы органдар, орталық органдардың аумақтық бөлімшелері, азаматтарға арналған үкімет филиалдары және т. б.);
- сауда, қызмет көрсету, ойын-сауық, қоғамдық тамақтану объектілері – 1165 (дүкендер, сауда орталықтары, кафелер, мейрамханалар және т.б.).
- әлеуметтік қорғау объектілері – 178 (арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары, оңалту орталықтары және т. б.);
- спорт объектілері – 289 (спорт залдары, спорт сарайлары және т. б.);
- көлік инфрақұрылымы объектілері – 90 (Авто/ТЖ вокзалдары, әуежайлар).
Өңірлерде мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің бейімделу іс-шараларын жүргізуде оң динамиканы атап өтеді.