Еліміздің басты газеті Егемен Қазақстан беттерінде бүгін Жамбыл облысының дамуына байланысты кешегі шараға қатысты мақала шықты.

Еліміздің басты газеті Егемен Қазақстан беттерінде бүгін Жамбыл облысының дамуына байланысты кешегі шараға қатысты мақала шықты.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Әкім кездесуде өңірдің 2021 жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысына тоқталды. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы және Үкіметтің қолдауымен өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізіліп отырғанын да айтты.
Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Жамбыл облысында экономиканың өсімі 101,6 па­­йызды құрады. Негізгі капиталға 421 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 436 миллиард теңгеге 11 жоба іске асырылуда. Ал бүгінге 74,1 миллиард теңгеге 5 жоба орындалған. Сондай-ақ өңірде ағымдағы жылдың бес айында «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 23200 адам қамтылған. Есепті кезеңде облыста 16400 жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде 7300 жұмыс орны тұрақты. Осындай жұ­мыс­тардың нәтижесінде жұ­мыс­­сыздық деңгейі 4,9 па­йыз­ды құраған. Сонымен қатар ай­мақ­тағы атаулы әлеуметтік кө­мек алушылардың саны 69 мың­­нан 50 мың адамға дейін азайған. Облыстағы 356 ауылдық елді мекеннің 70-інің тұрғындары атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев агро­өнер­кәсіптік кешенін да­мы­туға өңірдің қолайлы­ климаттық жағдайын айта келіп, әсіресе егістік алқаптары мен жайылымдық жерлердің бос жатпауына айрықша назар аударылып отырғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, облыста арнайы әзірленген картаның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 41,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 2,1 мың гектары егістік жерлер болса, 38,9 мың гектары жайылым жерлер. Сондай-ақ ағымдағы жылы өңірде егістік алқабы 47 мың гектарға дейін ұлғайып, 768,5 мың гектарға жеткен.

Брифинг барысында Бердібек Сапарбаев өңірде балық өндірісін 2025 жылға қарай 5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр­ғанын атап өтті. Бүгінгі таңда облыс аумағында 142 балық шаруа­шы­лығы айдындары болса, форель балықтарын өсіруге арналған 17 тау учаскелері анықталған. Бұдан бөлек, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ол жұмыстардың нәтижесінің бір көрінісі ретінде ашылған 29 әлеуметтік дүкенді айтуға болады. Қосымша тағы осындай 12 сауда орнын іске қосу жос­парлануда. Бұл орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жүзеге асып жатқан «Алқаптан сөреге дейін» қанатқақты жобасының маңызы зор. Ол үшін 1 мил­­­лиард теңге бағытталған. Аталған жоба аясында азық-түлік тауарларын сатып алуды тұрақтандыру және қамтамасыз ету мақсатында төрт сауда желілері анықталып, оларға өнімдер делдалдарсыз тікелей жеткізілуде. Бердібек Сапарбаев бес ай ішінде облыста 42 ауыл шаруашылығы тауар­ларының жәрмеңкесі өтке­нін, онда бар­лы­ғы 460 мил­лион теңгенің 1104 тонна ауылшаруашылық өнімі өткерілгенін, өнімдер на­рық­тағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылғанын да айтты. Сондай-ақ өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жемісін жам­был­дықтар да айқын сезіну­де екенін, әсіресе тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүруде екенін де жеткізді. Жыл басынан күні бүгінге дейін 204,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен 651 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жос­­­парлануда.

Биыл Мемлекеттік бағдарла­ма­лар аясында өңірде 424,8 ша­қырым жолдар салынып, жөн­деуден өтеді. Нәтижесінде, жақ­сы және қанағаттанарлық жағ­дайдағы жолдар үлесі 90 па­йыздан 93,3 пайызға, елді мекен көшелері 77,2 пайыздан 79,2 пайызға артады деп күтілуде. Жыл соңына дейін 44 мың тұрғын тұратын 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайызға жетпек. Сол секілді 20 елді мекенге газ тартылып, газдандыру үлесі 83,8 пайызды құрайтын болады. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыста 23 білім беру ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, 1 апат­ты, 3 үш ауысымды және 2 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешімін табатын болады. Сондай-ақ бүгінгі таңда 150 мың жамбылдық коронавирусқа қарсы вакцина қабылдаған. Өңірде С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылып, Primary Health Care Ұлттық қауымдастығымен ын­ты­мақтастық туралы меморандум аясында 4 озық тәжірибе орталығы құрылған. Оның екеуі Тараз қаласында болса, қалған екеуі Жамбыл және Меркі аудан­дарында орналасқан. Сол сияқ­ты, әкім мейірбике ісіндегі медициналық көмектің сапасын арттыру үшін инновациялық медициналық-әлеуметтік технологиялар ен­гізіл­генін, облыс аудандары жылжымалы медициналық кешен­де­рімен то­лық қамтамасыз етіл­генін де айтып өтті. Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы қорының бас­та­масымен облыста Жамбыл облыстық көп­са­лалы балалар ауруханасында 120 төсектік «Қам­қорлық» оңалту орталығы ашыл­ған. Онда бүгінге дейін 620 бала ем қа­был­даған. Медици­налық меке­ме­лердің материалдық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 2,6 мил­­­лиард теңге қарас­тырылған.

Брифингте Жамбыл облысында жүзеге асып жарқын жобалар туралы да жан-жақты айтылды. Айталық, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста қолға алынған «Бейбітшілік пен келісім» қа­нат­қақты жобасы аясында 347 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 445 азаматқа медициналық көмек көрсетілсе, 180 тұрғын қайтарымсыз грант алды. Ал облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асып жат­қан «Асарлатып үй салу» жобасымен былтыр 99 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен баспаналы болған. Ағымдағы жылы тағы 134 үйдің құрылысы басталып, бүгінге дейін оның 14-і пайдалануға берілген. Осылайша, жалпы асарлату әдісімен 2,3 миллиард теңгенің 233 үйі салынатын болады. Сол секілді «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 3 STEAM лабораториясы ашылып, 3 спорт кешені салынған. Тағы осындай 4 кешеннің, 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарлануда. Жалпы, түлектер тарапынан 2,8 миллиард теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Сондай-ақ ағымдағы жылы жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қа­ғи­­дат­тарын дамыту аясында «Жомарт түлек», «Таразға тарту», «Асар­латып үй салу» жобалары бо­йынша бюджет қаражатынан тыс 26 миллиард теңге тартылатын болады. Ал биыл өңірде бас­тау алған «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында 42 нысанда абаттандыру және жөндеу жұмыстары жүруде десек, олардың қатарында тұрғын үйлер мен балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары, 21 саябақ пен сквер бар. Бұл тұрғыда барлығы 42 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ал жуырда бес нысандағы жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді.
Жамбыл облысы