
2023-2026 жылдары аралығында тұрғын үй саласы бойынша ақпарат
Халықты баспанамен қамтамасыз ету – өңіріміздегі әлеуметтік маңызы бар басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, жаңа тұрғын алқаптары мен шағын аудандардың құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 58 мыңнан астам азамат тіркелген. Оның ішінде 31 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, атап айтқанда көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар және табысы төмен азаматтар.
Аталған санаттағы тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында облыста әлеуметтік тұрғын үйлер салумен қатар, дайын пәтерлерді сатып алу тетігі кеңінен қолданылуда.
2023 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 16,4 млрд теңгеге 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысы бойынша 1 040 пәтерлі 18 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін республикалық бюджет есебінен 7,8 млрд теңгеге 797 пәтер сатып алу жоспарланып, жыл қорытындысымен 864 пәтер сатып алынды.
2024 жылы тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 40,7 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 2 830 баспана таратуға дайындалды. Оның ішінде 1 819 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған.
Атап айтқанда, бюджет қаражаты есебінен 17,5 млрд теңгеге 3 709 пәтерлі 78 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 1 159 пәтерлі 26 тұрғын үй пайдалануға берілді.Сонымен бірге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға 23,2 млрд теңге бөлініп,1 671 пәтер сатып алынды.
2025 жылы бюджет қаражаты есебінен 18,4 млрд теңгеге 2 190 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 1 050 пәтерге арналған 20 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар үшін 21,5 млрд теңгеге 1 425 пәтер сатып алынды.
Осылайша, тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған жылдық қаржыландырудың 54,2 пайызы дайын пәтерлерді сатып алу механизміне бағытталып, бұл тәсіл негізгі құралға айналып отыр.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес 1 525 пәтерлі 32 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, жыл қорытындысымен 1 445 пәтерлі 31 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау көзделуде.
Сонымен қатар, Асқаров көшесінің соңындағы алқапта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Аталған жобаларға облигациялық қаражат есебінен 17,9 млрд теңгеге өтінім ұсынылып, бүгінгі күні 13,4 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қолдау тапты.
Бұдан бөлек, осы алқапта 1 800 пәтерлі 36 кредиттік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 4,9 млрд теңгеге 350 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарлануда.