ҚОРДАЙЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

ҚОРДАЙЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАДАН  ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

1-3 мамыр күндері Тараз қаласында Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай Жамбыл облысының ардагерлері арасындағы облыстық спартакиада өтті. Шараға облыс әкімі мен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қатысып, ардагер спортшыларға сәттілік тіледі. Айта кетейік, спартакиадаға өңіріміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық ардагер ойыншыдан құралған 11 команда қатысты. Олар волейбол, үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, дартс, ләңгі секілді спорт және ойын түрлерінен сынға түсті.
Тартысты өткен жарыста қариялар спорттық шеберліктерін паш етіп, тас түйін дайындықпен келгендерін дәлелдеді. Әсіресе, қордайлық ардагерлер аудан намысын қорғап, жеңіске жету үшін барын салды. Нәтижесінде, жалпы командалық есеп бойынша Қордай ауданының ардагерлері облыс бойынша екінші орынды, аудандар арасында жүлделі бірінші орынды иеленді. Осы ретте облыстық спартакиадада үздік ойын көрсеткен қарияларды атап кеткен жөн. Қырғызбай Батыров – асық атудан 3-орын, Байділда Жанбосынов – бильярдтан 2-орын, Айсұлу Биғазиева – әйелдер арасындағы дойбы жарысынан 2-орынды, Эрсмане Бешанло – ерлер арасындағы үстел теннисінен , Раушан Джолдыбаева – әйелдер арасында үстел теннисінен 2-орын, Мейрамбек Джортбасов – ләңгі тебуден жүлделі 2-орынды иеленді. Сондай-ақ, Қордай ауданы ардагерлерінен құралған волейбол командасы облыс бойынша өзгелерден оқ бойы оза шығып, бірінші орынға жайғасты.
Ұрпақтар сабақтастығы бағытында ардагерлер арасында өткен спартакиадада би-байқау жарысында үздік өнер көрсеткені үшін Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және аудандық аналар алқасының төрайымы Маржан Молдабекова III дәрежелі дипломмен марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесі барлық спартакиада қатысушыларына және демеушілерге, сондай-ақ, қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, аудандық спорт бөліміне алғыс білдіреді.