БАСТЫ МАҚСАТ – ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ

БАСТЫ МАҚСАТ – ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ

Ауданға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов келіп, аудан әкімі Мәден Мұсаевпен бірнеше іс-шараларға қатысты.

Ең алдымен Ернар Абсейітұлы аудан әкімінің аппараты, әкімдікке қарасты бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізіп, мемлекеттік қызметшілерге қалай жұмыс істеу керектігін, жұмыс барысында нені басшылыққа алу қажеттігін кеңірек баяндап, тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған шаралардың қоғам дертінің алдын алуда айрықша маңызға ие екендігін жеткізді. Жиын барысында Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров атқарылған жұмыс жөнінде баяндама жасады. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күрес жүргізу бойынша атқарылатын ауқымды жұмыстарды жіті түсіндіріп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Ернар Абсейітұлымен жүздесуге алдын ала жазылған азаматтар кездесу барысында өздерінің көкейде жүрген мәселелерін айтты.
Түс ауа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілдері №51 мектепте білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Онда емін-жарқын сұхбат өтіп, адалдық, парасаттық және жемқорлықтың қоғамға тигізер зардаптары жайында сөз болды. Сондай-ақ, білім саласы мамандарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар жайы баяндалды. Бұл уақытта Департаменттің Превенция басқармасының бас маманы А.Ажибаевтың қатысуымен Қордай аудандық орталық ауруханасында да жиын өтті. Кездесу барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының» негізгі бағыттары турасында сөз қозғап, мекеменің бүгінгі жағдайымен жақынырақ танысуды жөн көрді. Ауруханадағы кадр мәселесі мен өзге де жұмыстары және алдағы жоспарлары турасында бас дәрігер Зәуреш Қадырбекова түсініктеме берді. Дәл осындай кездесуді облыстан келген қонақтар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен де өткізді.