Ел таңдауы – жарқын болашақ

Ел таңдауы – жарқын болашақ

Жексенбі күні елімізде үлкен саяси науқан басталып, таң азаннан Қордай ауданындағы 54 сайлау учаскесі 80 мыңнан астам азаматқа есігін айқара ашты.

Бұл күнгі маңызды науқанға ауданымыздың барлық сайлау учаскелері лайықты түрде дайындалып, тұрғындар ел өміріндегі шешуші сәтке асқан жауапкершілікпен қарағанын айта кеткен жөн. Мәселен, аудан орталығындағы Мәдениет үйінің фойесінде орналасқан №239 сайлау учаскесіне тұрғындар таңғы сағат жеті болмай келе бастады. Саяси науқан барысында белсенділік танытып, дауыс беруге келгендердің қатарында жас пен кәрі де бар. Ел тарихындағы маңызды оқиғада  алғашқылардың бірі болып аудан әкімі Мәден Мұсаев референдум учаскесіне келіп дауыс берді. «Бүгін – барша жерлестеріміз үшін маңызды күн, өз таңдауымызды жасау – азаматтық парызымыз. Сіздердің бүгінгі таңдауларыңыз халықтың болашағын қалыптастыруда өте маңызды», - деп аудан басшысы өз бюллетенін сайлау жәшігіне салды.

Ал, ел қатарлы өз таңдауын жасаған 73 жасар Тынышкүл Сапиева осы уақытқа дейін бір де бір сайлаудан шет қалмағанын зор мақтанышпен айтады.

«Ең біріншіден сайлау менің конституциялық Заңмен бекітілген құқығым болса, екіншіден бұл менің өз таңдауымды жасауға берілген мүмкіндік. Сондықтан, мен бүгін осы тамаша сәтті қалт жібермей, тәуелсіз елімнің жарқын болашағы, келер ұрпағымның кемел келешегі үшін дауыс бердім. Таңдауымның дұрыстығына еш күмәнданбаймын. Қазақстанымның әлі алда талай белестерді бағындырып, бұдан әрі гүлдене түсеріне сенемін!», - деген қарт ана барша азаматтарға сәттілік тіледі.

 Естеріңізге сала кетсек, дауыс беру науқаны кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасты. Таңнан кешке дейін учаскелерге ағылған тұрғындардың еліміздегі саяси оң өзгерістерге дайын екендіктері байқалып тұрды.

«ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің туған халқына барынша мол бостандық беруді мақсат етіп отыр. Халық өз тағдырын өзі шешетіндей болуы үшін, мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасау үшін референдум өтуде. Референдум – ел тарихындағы елеулі оқиға. Бұл бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт» - дейді Қордай ауданының №239 референдум учаскесінде дауыс берген Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы, педагогика ғылымдарының докторы Мақметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков.