Сенат депутаты ауданда

Сенат депутаты ауданда

Сәрсенбі күні ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықовпен бірге бірқатар ауылдарды аралап, құрылыс нысандарын көріп, тұрғындармен кездесті.

Сенат депутаты алдымен Сарыбұлақ ауылындағы жуырда құрылысы аяқталған спорт кешенінде болды. Бұл спорт кешені жақын күндері халық игілігіне берілмек. Ауыл тұрғындары асыға күткен кешенде жастар үшін қажетті спорттық үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Заман талабына сай салынған нысанның ауыл көркін ашып тұрғаны сөзсіз. Кешеннің бүгінгі жай-күйімен танысқан Абдалы Тоқбергенұлы жаңа нысанның құрылысына оң бағасын берді. Бұдан кейін сенат депутаты жергілікті тұрғындармен кездесті. Халық қалаулысымен кездесуге келген жұртшылықтың қарасы көп болды. Алдымен Абдалы Нұралиев ауылға келген мақсатын тілге тиек етіп, бүгінгі  саяси жүйедегі өзгерістердің нәтижесіне де тоқталып өтті.

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы биылғы жылдың өзінде біршама өзгерістерді қолға алды. Бұл өзгерістерді халық расында күтті. Жыл басынан бері Қазақстан халқына Жолдауын жолдап, онда тез арада шешімін табуды қажет ететін тапсырмалар айтылды. Сондай-ақ, ел Президенті Жаңа Қазақстанды құруды да баса айтқан еді. Бүгінде ол бойынша көптеген жұмыстар басталды, – деген сенатор Конституцияға алдағы уақытта өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты.

Мемлекет үшін маңызы зор шешімге халықтың қолдауы ауадай қажет екенін түсіндіріп өтті. Осыдан кейін сөз алған ауыл тұрғындары рет-ретімен өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, кейбірі ауыл мәселесін көтерді. Халықтың көкейінде жүрген мәселелердің бірі – ауылдағы жайылым жерлердің жайы.  А.Нұралиев бұл тек Қордайда ғана емес еліміздің әр өңірінде бар мәселе екенін айтып, аталмыш сұрақ бойынша алдағы қабылданатын заңға өзгерістер енгізілетінін айтты:

Бүгінде арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Әр ауылда бұл жағдай жіті зерделенетін болады. Игерілмей жатқан жер болса, ол мемлекет меншігіне өтеді, мал басына шаққанда жеткілікті нормадан асқан жерлерге де осындай өзгерістер енгізіледі, - деді ол. Елордадан арнайы келген Сенат депутатына ауыл тұрғындары алғысын айтып, жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін елордалық қонақ Степной ауылдық округіне қарасты Арал ауылында болды. Мұнда халық қалаулысы құрылысы қызу жүріп жатқан мектепке ат басын бұрды. Жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын «ТемірСтройСервис и К» ЖШС өз мойнына алған екен. Құрылысы уақытылы жүріп жатқан нысан жаңа оқу жылына дейін тапсырылмақ. Мұнда да ауыл ақсақалдарымен кездескен сенатор оларға ауданға келудегі мақсатын түсіндіріп, аралдықтардың мұң-мұқтажын тыңдады. Сенат депутатының жұмыс сапары Жамбыл ауылында жалғасты. Онда халық қалаулысы жаңа салынып, пайдалануға берілген ауылдық мәдениет үйінде болды. Бүгінде ел игілігін көріп отырған мәдени ошақта түрлі үйірмелер бар. Олардың жұмысымен танысқан А.Тоқбергенұлы жас өнерпаздардың өнерін де тамашалап үлгерді. Осыдан кейін көптеп жиылған жамбылдықтармен кездесу өткізді.

Менің сіздермен кездесудегі басты мақсатым елімізде орын алып жатқан өзгерістерге қолдау табу. Бүгінде барлығын біз айтпасақ та өздеріңіз дер уағында біліп отырасыздар. Қазіргі заманда бәрі дамыған. Интернет желісі барлық жерде бар. Ең бастысы Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы еңбегі ерекше. Біз халық болып соған қолдау көрсетуіміз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, парламенттің рөлін айтарлықтай арттырды. Ал, сол парламенттегілерді мына сіздер сияқты халық сайлайды, - деген А.Нұралиев маусым айында болатын Ата заңға өзгеріс енгізілетін референдум мәселесіне де кеңінен тоқталып, оған қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Келген қонаққа ауыл тұрғындары сұрақтарын қойып, арнайы кездесу өткізгені үшін ризашылықтарын білдірді.