
2026 жылғы 10 наурыз күні Қордай ауылындағы Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясында учаскелік референдум комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту-семинар өтті. Іс-шара 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық аясында ұйымдастырылды.
Семинар жұмысына Қордай аудандық референдум комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев, комиссия төрағасының орынбасары Э.Күмекбай және комиссия хатшысы Г.Ниязгулова, сондай-ақ учаскелік референдум комиссияларының мүшелері қатысты.
Семинар барысында «2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тіркелген жері бойынша мәліметтерді «Электрондық үкімет» порталында тексерудің онлайн-сервисін іске асыру алгоритмі» тақырыбы қарастырылды. Қатысушыларға онлайн-сервисті қолдану тәртібі мен алгоритмі түсіндірілді.
Аудандық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Э.Күмекбай аталған сервис арқылы азаматтардың тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексеру тетіктері туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері Н.Тохторбаева мен А.Кудушева онлайн-сервисті практикалық тұрғыда қолдану тәртібін көрсетіп, жүйемен жұмыс істеу кезеңдерін түсіндірді.
Семинар барысында аудандық референдум комиссиясының хатшысы Г.Ниязгулова ұйымдастырушылық мәселелерге тоқталып, комиссия мүшелерінің назарын референдумды өткізу кезінде заң талаптарын сақтау және азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
Іс-шараның мақсаты – учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ азаматтардың тіркелген жері бойынша мәліметтерін тексеру бойынша онлайн-сервисті тиімді қолдану тәртібін түсіндіру.
Семинар қорытындысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Қордай аудандық аумақтық референдум комиссиясы