АУҚАТТЫДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕР

АУҚАТТЫДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕР

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Ауқатты ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті есептік жиын өткізді. Жиынға аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков және тиісті сала басшылары қатысты.

Есептік жиында, Ауқатты ауылдық округінің әкімі Алмас Иенберген ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында өткен жылда атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарға баяндады.

«Өткен жылы Ауқатты ауылдық округінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Ауылдық округтің белсенді азаматтары тарапынан тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен жалғыз басты қарттарға түрлі қайырымдылық көмектер көрсетілді», - деп атап өтті әкім.

Сондай-ақ, Ауқатты ауылынан ауыл тұрғындарына арналған демалыс орнын салу жұмыстары басталды. Әкім арнайы жер телімі бөлініп, сыртын қоршау жұмыстары жүргізілгенін айтты.

«Биылғы жылы аталған демалыс орнының ішін абаттандыруға қаражат қарастырып, жыл ішінде толық аяқтау жоспарлануда. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, заманауи жарықшамдар, орындықтар, бейнебақылау камераларын орнату және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарда бар», - деді Алмас Иенберген.

Ауылдық округте сондай-ақ, Қызылсай ауылында елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігі мен қатынауының қолайлылығын арттыру мақсатында ескі көпірге ағымды жөндеу жұмыстары жасалған.

«Қаржыландыру бөлінді, және біз ескі көпірді қалпына келтірдік», - деді округ әкімі.

Ауқатты ауылындағы тозығы жеткен электр бағаналары мен электр сымдарын ауыстыру жұмыстары да жүргізілген.

«Қ.Молдажанов, Астана, Әулиешоқы, М.Әуезов, Рысқұлов көшелері және осы көшелермен қиылысатын барлық қосалқы көшелердегі электр бағаналары мен сымдары жаңартылды. Сонымен қатар, қосымша 7 трансформатор орнатылды», - деп түйіндеді ол.

Бәйтерек ауылында тұрғындарды сапалы әрі таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында орталықтандырылған ауыз су желісі іске қосылды.

«Бұл тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын көтеруде үлкен рөл атқарады», - деп мәлімдеді ауылдық округ әкімі.

Шара барысында, аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков тұрғындармен жеке мәселелер бойынша қабылдау жүргізді. Бұл іс-шара Ауқатты ауылдық округінде ұйымдастырылып, тұрғындардың құқықтық тәртіп, әлеуметтік жағдайлары мен өзге де маңызды мәселелері бойынша сұрақтарына жауап беруге арналды.

Сонымен қатар, жеке қабылдау кезінде тұрғындар білім беру, денсаулық сақтау және түрлі сипаттағы әлеуметтік мәселелер бойынша да сұрақтарын қойды. Бегзат Сейсенқұлұлы, әрбір тұрғынның мәселесіне жеке назар аудара отырып, тиісті органдармен бірге шешу жолдарын іздеуге уәде берді. Мұндай кездесу тұрғындардың өз пікірлерін білдіруге, ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік беріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен рөл атқарады.

Кездесу барысында тұрғындар өздерінің күнделікті өмірлерінде кездесетін мәселелерін ортаға салды. Құқықтық тәртіп туралы сөз қозғаған аудан прокуроры Қайыржан Еркінбекұлы, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтарға қатысты өтініштерін тыңдап, заң шеңберінде шешімдер ұсынды. Елді мекендегі әлеуметтік жағдайларды жақсарту, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері де көтерілді.

Тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары, аудан әкімінің жоспарына енгізіліп, алдағы уақытта шешілу жолдары қарастырылатын болды.

Мұндай шаралар – аудандық билік құрылымдарының тұрғындармен қарым-қатынасының нығая түскенінің бір дәлелі.