«САҚТЫҚ – САЛАУАТТЫ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ»

«САҚТЫҚ – САЛАУАТТЫ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ»

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатындақұрылған жұмысшы топ пен мобильді топ мүшелерінің қатысуымен

№1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының акт залында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Сақтық – салауатты қоғамның негізі» атты стейкхолдерлермен кездесу өтті. Шараның мақсаты – жастардың құқықтық білімін арттырып, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік ұстанымдарын нығайту болды.

 

Кездесуге Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық прокуратураның аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков, білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков, ювеналдық полиция тобының инспекторы Дильмурат Молдажан, аудандық аурухананың «Салауатты жастар» денсаулық орталығының психологы Жұлдыз Оспанқұлова, сондай-ақ мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Кездесудің модераторы, Қордай аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Қонбаева шараны көңіл сергіту сәтінен бастады. «Менікі – Ортақ» атты ойын барысында оқушылар өз ойларын ортаға салып, топтық жұмыс арқылы белсенділік танытты. Бұл қызықты жаттығу жастардың назарын аударып, бірлік пен серіктестіктің маңыздылығын көрсетті.

Алғаш болып сөз алған аға прокурор Сансызбай Сапарбекұлы оқушыларға:

– «Сіздер – ел болашағысыздар. Сондықтан мектеп ережесін сақтау, үлкендерді құрметтеу және достарыңызға қолдау көрсету – заң мен тәртіпке бағынудың бастамасы», – деп жастарды жауапкершілікке шақырды.

Ол мемлекет пен ата-аналардың сапалы білім беру жолындағы еңбегін бағалап, ел алдындағы парызды ұмытпау керектігін ерекше атап өтті.

Дамира Маратқызы өз кезегінде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттерін нақтылап, заңды білмеуден туындайтын құқықбұзушылықтар жайында пікір білдірді.

Ювеналдық полиция инспекторы Дильмұрат Тастамбекұлы оқушыларға буллинг тақырыбындағы бейнеролик көрсетіп, қылмыстық құқықбұзушылықтың салдарын түсіндіріп, буллингқа қарсы тұрудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесудің модераторы Ақмарал Мақсұтқызы өз оқушыларымен бірге түсірілген әлеуметтік эксперименттік бейнероликтерді ұсынды.

Келесі сөз кезегінде Біржан Әлімбет пен Нұржан Молдабеков жастарға насихат айтып, жамандықтың бастауы – жаман сөз бен мазақтаудан туындайтынын, сондықтан әрбір адам сақтық пен сабырлылықты серік етуі тиіс екенін жеткізді. Олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – қоғамның тұрақтылығы мен адамдық қадір-қасиеттің белгісі екенін атап өтті.

Психолог Жұлдыз Қайратқызы қатысушылармен тренинг өткізіп, ауызбіршілік пен өзара қолдаудың маңыздылығын түсіндірді.

Кездесудің қорытындысында Санат Сағынбекұлы оқушыларға ой тастайтын сұрақтар қойып, олардың пікірлерін тыңдап, қоғамдағы заң мен тәртіптің маңызын талқылады.

Шара барысында қатысушылар құқықтық сауаттылықтың артуы, салауатты қоғам қалыптастыру және жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті нығайту қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.

Бұл жиын – жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және қоғамның қауіпсіз дамуына бағытталған маңызды бастама.