Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

2025 жылғы 23 маусымда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырысты Нұржан Молдабеков жүргізді. Қатысушылар ең өзекті мәселелерді талқылап, күн тәртібімен танысты.

Бірінші кезекте – су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қаралды, бұл қазіргі уақытта өңір аграрийлері үшін аса маңызды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық құрылымдарын сумен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Қоғамдық кеңестің аграрлық саясат, табиғи және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үдерістер, жергілікті өзін-өзі басқару және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссиясы мониторинг жүргізіп, нәтижесі бойынша комиссия мүшесі Еркін Әбілдаев баяндама жасады.

«2025 жылдың ауыл шаруашылық маусымында суармалы алқаптардан мол өнім алу үшін келісімшарт талаптарын қатаң сақтау және ауылдық округ әкімдіктерін суды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге жұмылдыру қажет. 17-18 маусымда комиссия мүшелері «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл филиалы Қордай өндірістік бөлімшесінде мониторинг жүргізді. Бүгінде бөлімше балансында “Қараконыз” және “Қақпатас” атты екі су қоймасы мен 88 гидротехникалық нысан бар. Су құбырлары жүйесінің жалпы ұзындығы – 480 км, оның ішінде 308 км – арықтар, 172 км – бетон жабынымен қапталған.

Шомыш гидроқұрылысынан бастау алатын «Оң жақ тармақ» каналының ұзындығы – 40,5 км. Бұл канал ауылдың ортасынан өтетін ашық арна болғандықтан, су шығыны жоғары. Осыған байланысты Қордай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен, қажет болған жағдайда статистика басқармасымен бірлескен кешенді зерттеу жүргізу ұсынылды. Сонымен қатар, суды келісімшарт жасағандар мен жасамағандар арасында теңдей пайдалану, ішкі қаржы резервтерін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру қажет», – деді баяндамашы.

Сондай-ақ, аудандық «Қазсушар» филиалы мен аграрийлер арасындағы келісімшарттар және өзге де өзекті мәселелер бойынша бірқатар ескертулер айтылды.

Қордай бөлімшесінің басшысы Мақсұт Ершіұлы Қырғыз Республикасынан келіп жатқан судың көлемі келісімге сай емес екенін айтып, алдағы қыркүйек айына жоспарланған су жеткізу бойынша екі ел арасында келіссөздер жүргізуге Қоғамдық кеңестен қолдау сұрады. Себебі шалғай ауылдарда су тапшылығы сезілуде. Қазіргі кезең – суару маусымының ең белсенді уақыты, сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, ол Қайнар ауылы маңында қуатты су сорғы қондырғылары іске қосылатынын, бұл жергілікті аграрийлерге көмек болатынын жеткізді.

Кеңес мүшелері кейбір фермерлердің жерлерінде құдық қазып, ауыз суды суаруға пайдаланып жатқанын сынға алды. Бұл құдықтардан алынатын су – ішуге жарамды, және егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта ауданда ауыз су тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл мәселе терең зерттеуді талап етеді.

Жалпы, бірінші мәселе бойынша кеңес мүшелері «Қазсушар» бөлімшесінің басшысына бірнеше ескерту мен ұсыныстар айтты.

Кеңес отырысының екінші мәселесі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мониторингінің нәтижелері. Бұл мәселе бойынша Қоғамдық тәртіп, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени сала, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі Мәдина Аманбаева баяндама жасады.

«Қоғамдық кеңес мүшелері Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Қордай аудандық білім бөлімінің “Балауса” балалар сауықтыру лагерінде мониторинг жүргізді. Балаларды қабылдау ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес жүргізіледі. Құжаттар мен мемлекеттік қызмет көрсетуге қажетті мәліметтерді талдау барысында заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Лагерьдің штаттық құрылымы мен еңбек қатынастары ҚР Еңбек кодексінің 34-бабына сәйкес құрылған.

Алайда бірқатар кемшіліктер де анықталды: жатын бөлмелердегі матрастар тым жұқа, оларды ауыстыру қажеттілігі айтылды; жазғы бассейнді құтқару құралдарымен толық жабдықтау, әкімшілік корпус, жатақхана, монша және басқа да нысандарға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі атап өтілді».

Үшінші мәселе – Қордай ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің 2024 және 2025 жылдарға арналған өтпелі құрылыс жобаларын жүзеге асыру барысы, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері мен түскен шағымдардың мәртебесі туралы болды. Бұл мәселе бойынша Бюджет, қаржы, құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қолдау мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Айнұр Алматаева егжей-тегжейлі баяндама жасады.

Қазіргі таңда бірқатар ауылдық округтерде құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Мониторинг нәтижесінде ауқымды жұмыстарға қарамастан, бөлім жұмысының көрсеткіштерінде кемшіліктер бары анықталды. Оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев құрылыс саласындағы жұмыстар, қаржыландыру, мердігер ұйымдармен өзара іс-қимыл және аяқталмай қалған “сақалды құрылыс” нысандарын қайта жандандыру жұмыстары туралы айтты. Сонымен қатар, құрылыс саласында мамандар жетіспейтіні және бұл мәселенің өзекті екені атап өтілді.

Отырыс қорытындысында Қоғамдық кеңестің 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітіліп, қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.

 
Спросить ChatGPT