Қордай аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен 23 маусым күні Қаракемер ауылында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен тұрғындарды жеке мәселелері бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Шара Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде өткізіліп жатқан «Заң және тәртіп» апталығы аясында, сондай-ақ «Қоғаммен байланыс» жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Бұл бастама халықпен кері байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Қабылдау барысында ауыл тұрғындары өздерін мазалаған әлеуметтік, жер мәселелері, еңбек даулары мен құқықтық көмекке қатысты сұрақтарын қойып, тиісті сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері заң шеңберінде кеңестер беріп, кейбір мәселелерді сол жерде шешуге ықпал етті.
Мұндай форматтағы қабылдаулар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Айта кетейік, дәл осындай қоғамдық қабылдау сол күні Масаншы ауылында өтсе, одан соң Сортөбе, Кенен, Отар, Қақпатас, Степное ауылдарында жалғасын тапты. Мұнда да тұрғындар белсенділік танытып, өзекті мәселелерін ортаға салды.