«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Үлкен Сұлутөрде жаңа наубайхана ашылды
Үлкен Сұлутөр ауылында жас кәсіпкер, дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алған Айбек Мәдхалықтың бастамасымен жаңа наубайхана ашылды. Бұл – ауыл тұрғындарын күнделікті жаңа піскен нанмен қамтумен қатар, ұлттық нан дәстүріне деген құрметті жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам.
2025 жылдың 3 мамырында іске қосылған наубайхана – «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба. Айбек 7,3 миллион теңге көлемінде 2,5% жеңілдетілген несие алып, заманауи қондырғылар сатып алған. Оның ішінде қамыр илегіш, үш деңгейлі пеш, наубай үстелі мен пісіру қалыптары бар. Қазіргі таңда мұнда күн сайын 150-ге жуық нан өнімдері дайындалады.
Айбектің айтуынша, басты қағида – табиғилық пен сапа. Қоспасыз, таза өнімді тұтынушыға ұсыну – кәсібінің негізі. Ассортиментке қарапайым нан, тоқаш, пита және дөңгелек нан кіреді. Алдағы уақытта бауырсақ пен тандыр нан өндіру жоспарлануда. Сонымен қатар тағы бір жұмыс орны ашылады деп күтілуде.