Көгілдір отын, ел игілігіне!

Көгілдір отын, ел игілігіне!

Осы орайда көктемнің алғашқы күнінде Ноғайбай ауылдық округіне газ құбыры жеткені салтанатты түрде аталып өтті. Көпкен күткен бұл игілікті жаңалықты атап өтуге округ тұрғындары жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Төленұлы іс-шараға қатысып, аудан әкімі атынан және өзінің атынан құттықтауын айтты. Сонымен қатар ҚазТрансГаз Аймақ АҚ-ң директорының орынбасары Айбек Ерғалиұлы, аудандық маслихат депутаты Габидин Муфтадинұлы ізгі тілектерін де жеткізді. Ауыл ақсақалдары игілікті істі атқарған барша азаматтарға, Ел Президенті, облыс және аудан басшылығына алғысын айтты.
Атап өтсек, 2022-2023 жылдары Ноғайбай, Сарыбастау және Шарбақты ауылдарына жалпы 52,3 шақырым құбыр тартылып, автоматты газ тарату стансасына 2024 жылы газ жеткізілді. Жұмысты мердігер «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді, сметалық құны 830,4 млн. теңге, ал келісімшарт құны 712,6 млн теңгені құрады.
Табиғи газ бүгінгі таңда ең таза органикалық отын болып табылады, сондықтан округіміздің елді мекендерін газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқартуға ықпал етпек. Сонымен қатар, жылыту, тамақ дайындау және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін табиғи газды пайдалану – тұтынушылардың шығындарын да едәуір азайтары анық. Газ бар жерде бизнес те өркендейді. Кәсіппен айналысамын деген жастарымыз ауылда тұрақтап, осы игіліктің жемісін көрсін деп тілейміз.
Алдағы уақытта тұрғын үйлерге газ құбырларын тарту жұмыстары жалғасын табады.