Жамбыл облысында алдағы екі жылда баламалы энергия көздерінің төрт нысаны іске қосылады

Жамбыл облысында алдағы екі жылда баламалы энергия көздерінің төрт нысаны іске қосылады

Жамбыл облысында жаңартылған энергия көздерін дамытуға барлық жағдай жасалуда. Қазірдің өзінде өңірде 13 баламалы энергия көздері жұмыс істейді десек, олармен еліміздегі күн, жел және су арқылы алынатын электр энергиясының 20 пайызы қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда өңірдің әлеуеті зор және оны толық көлемде пайдалану қажет. Кезекті аппараттық кеңесте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деді.

- Баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр, оған климаттық жағдайымыз да қолайлы. Осы орайдағы еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш бізге тиесілі. Сондықтан жұмысты жалғастыра отырып, түрлі нұсқаларды қарастырып, инвесторлар тарту қажет. Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын еске салғым келеді, - деп атап өтті облыс әкімі.

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, алдағы екі жылда жалпы қуаты 98,2 мегаватт болатын жаңартылған энергия көздерінің тағы төрт нысанын іске қосу жоспарланған.

- Жаңатас пен Қаратауда екі жел электр станциясы, Көксай өзенінде және Тасөткел су қоймасында екі су электр станциясы салынады. Осылайша, 2022 жылға қарай  жаңартылған энергия көздері нысандарынан алынатын энергияның жалпы көлемі 430,6 мегаватты құрайтын болады, - деді басқарма басшысы.

Осылайша, жаңартылған энергия көздерінің нысандары Байзақ, Жамбыл және Мойынқұмнан басқа барлық аудандарда жұмыс істемек.

Аталған аудандар басшыларының айтуынша, мұндай нысандардың құрылысы біраздан бері жоспарланғанымен, инвестиция тартылмағандықтан, кейінге қалдырылып келеді.

Сондай-ақ, Қ.Қорғанбаев 2023-2025 жылдарға жоспарланған төрт жоба туралы айтып берді. Олар – Меркі өзеніндегі су электр станциясы, Жамбыл ауданындағы күн электр станциясы және Талас пен Шу аудандарындағы екі жел электр станциясы. Бұл электр станцияларының жалпы қуаты 177,5 мегаватты, ал инвестициялар көлемі – 80 миллиард теңгені құрайды. Инвестициялық қаражаттың тапшылығына байланысты тағы төрт жобаны іске асыру кейінге шегеріліп отыр. Олардың қатарында Шу ауданындағы үш нысан және Қордай ауданындағы бір нысан бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 93 миллиард теңге қажет. Осы төрт жаңартылған энергия нысаны іске қосылған кезде олар аймақты тағы 310 мегаватт энергиямен қамтамасыз ете алатын еді.

Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев инвестиция тарту жұмыстары туралы баяндады. Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының мамандары инвесторлар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша кеңес беріп, өңірдің инвестициялық имиджін ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуде. Орталық түрлі мемлекеттердің елшіліктерімен белсенді ынтымақтастық орнатуда.

Облыс әкімі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына аудандар бойынша баламалы энергия көздерін дамыту картасын әзірлеуді тапсырды.

- Біз жаңартылған энергия көздері нысандарын салу үшін қай жерде және қандай мүмкіндіктер бар екенін нақты білуіміз керек. Менің ойымша, барлық ауданда оларды салуға мүмкіндік бар. Бізде облыстың энергетикалық әлеуетін іске асырудың ауқымды жоспары болуы тиіс, - деді өңір басшысы.

Өңірдің баламалы энергия көздерін дамыту картасы бір айдан кейін ұсынылуы тиіс. Оны әзірлеумен облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары басқармалары айналысады.

 

Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/158513?lang=kk