
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде 49-бабында еңбек шартын тоқтатудың негіздері қарастырылған, соның бірі еңбек шарты мерзімінің аяқталуы.
Еңбек шартын мерзiмi өткеннен кейін тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде 51-бабында нақтыланған.
Белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өтуіне байланысты тоқтатылады. Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі. Белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты көп дегенде екі ретке ұзартылуы мүмкін.
Егер жүкті әйел бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталған күні мерзімі он екі және одан көп апта жүктілігі туралы анықтама ұсынса, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баласы бар, бала асырап алған және бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалысқа өз құқығын пайдалануға ниет білдірген жұмыскер еңбек шартының мерзімін ұзарту туралы жазбаша өтініш берсе, онда жұмыс беруші еңбек шартының мерзімін бала күтімі бойынша демалыс аяқталған күнді қоса алып ұзартуға міндетті. Бірақ бұл ереже уақытша болмаған жұмыскердің орнындағы адамға қатысты қолданылмайды. Бала күтіміне байланысты демалыстағы әйелдің-негізгі жұмыскердің орнына қабылданған жұмыскермен еңбек шарты ол жұмысқа шыққан күннен тоқтатылады. Іс жүзінде негізгі жұмыскер жұмысқа шықпай тұрып, уақытша қабылданған әйелдер де бала күтіміне байланысты демалысқа кетіп бір әйелдің орнына бірнеше әйелдер қабылдана береді, негізгі жұмыскермен еңбек шарты тоқтатылған күннен бастап барлық уақытша жұмыскерлермен еңбек шарты тоқтатылады.
Уақытша болмаған жұмыскердi алмастыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өткен күнi жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскердiң жұмысқа шығатын күнi не жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскермен еңбек шарты тоқтатылған күн болып табылады.
Белгiлi бiр жұмыстың орындалу уақытына жасалған еңбек шартының мерзiмi өткен күн жұмыстың аяқталған күні болып табылады.