БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді

БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді

Мен 42 жастамын. Зейнетақы жинағымның бір бөлігін емделуге алғым келеді. Жаңа жылдан бастап мен үшін жеткіліктілік шегі қалай өзгереді және ол немен байланысты?

ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емдеу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін пайдалануға құқылы.

Зейнетақы жинақтарын азаматтар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары сомасының қолжетімді шегінде тұрғын үйге, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға шектеусіз рет пайдалана алады.

Ең төменгі жеткіліктілік шектерінің мөлшері жыл сайын қайта қаралады. Өйткені, оларды есептеу кезінде жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. 

2023 жылға ең төменгі жалақы 70 000 теңгені, ең төменгі зейнетақы 53 076 теңгені, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңгені, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрайды деп көзделген. Шектерді есептеу кезінде ескерілетін басқа да әлеуметтік маңызды көрсеткіштер көтерілді. Тиісінше, шектер де өзгертілді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың қандай болатыны туралы ақпарат БАҚ-та, сондай-ақ, Қордың enpf.kz сайтында орналастырылған.

Осы көрсеткіштерге сәйкес, 2023 жылы Сіз үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі 6 440 000 теңгені құрайды. Осы сомадан жоғары қаражатты емделу үшін пайдалануға болады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі - ай сайынғы зейнетақыны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес мөлшерде қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері» деп айқындалған.

Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі - бұл салымшының зейнетке шыққаннан кейін ең төменгі зейнетақыдан кем емес төлемдер алуы үшін шотта қалуға тиісті ең төменгі сома (бұл ретте зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасында базалық төлем де ескеріледі). 

 

Сәлеметсіз бе! Менің атым - Шолпан, 2023 жылдың қаңтар айының басында 61 жасқа толамын. Демек, мен зейнетке шыға аламын ғой? Қайда жүгінуім керек?

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Заң жобасын қарап, мақұлдады. Осы Заңда 01.01.2023 жылдан бастап 01.01.2028 жылға дейін әйелдер үшін зейнетақы жасын 61 жастан бастап белгілеу жоспарлануда, яғни әйелдер үшін зейнетақы жасын ұлғайту 01.01.2028 жылға дейін тоқтатылды. Осыған сүйене отырып, сіздің зейнет жасы - 61 жасқа толатыныңызға байланысты зейнетақы төлемдеріне құқығыңыз бар.

Сондай-ақ, 63 жасқа толған ер адамдар және бірінші және екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз уақытқа белгіленген адамдар зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

Жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындау, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу үшін бірыңғай өтініш және құжаттар топтамасымен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына ғана жүгіну қажет.

Алушыға сонымен қатар мемлекеттік кепілдікті төлеу бойынша белсенді қызмет (әдепкі бойынша) (егер ол қалыптасқан болса, инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген жарналар сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма) көрсетілетін болады. БЖЗҚ-дан алғашқы зейнетақы төлемі өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде немесе алушыда БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне құқық туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатын болады. БЖЗҚ-дан берілетін одан кейінгі ай сайынғы төлемдер зейнетақы төлемдерінің белгіленген кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

Егер өтініш берілген күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет төленеді (2023 жылы - 636 912 теңге = 12 * 53 076).

Егер зейнетақы шотындағы сома көп болса, онда ай сайынғы төлем былай есептеледі: жинақ сомасы 6,5% - ға көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. 

Егер кезекті ай сайынғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем соманы құраған жағдайда, бұл қалдық кезекті төлем сомасымен бірге төленеді.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу үшін бірінші және екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз уақытқа белгіленген адамдарға тікелей кеңсеге немесе сайттағы «Электрондық қызметтер» бөлімі арқылы Қорға жүгіну керек.

Зейнетақы төлемдерін алуға қажетті құжаттар тізімі БЖЗҚ сайтында егжей-тегжейлі көрсетілген.

 

Менің жалақым аз, бірақ лайықты зейнетақы алғым келеді. Зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне қалай әсер ете аламын?

Зейнетақы төлемдеріне әсер ететін бірінші нәрсе - зейнетақы жарналарының жүйелілігі мен уақытылы аударылуы. Зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) да әсер етеді.

ЕЗЖ - бұл салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға аударатын ақша. Оны жеке тұлғалар, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына енгізе алады. Бұл ретте ЕЗЖ төлеу мөлшері мен кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді.

ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашуға Қорға түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негіз бола алады. Осылайша, салымшыға (алушыға) Қордың кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына ЕЗЖ жүргізілетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады. Ал БЖЗҚ барлық қажетті мәліметтерді, яғни жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы өзге де мәліметтерді мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

БЖЗҚ-дан ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдеріне құқық зейнетақы жинақтары бар мынадай тұлғаларда бар:

1) елу жасқа толған;

2) мерзімсіз уақытқа 1 және 2 топ мүгедектігі белгіленген;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетін немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұрғылықты жеріне кететін немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

4) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарналарының және оларға есептелген инвестициялық кірістің сомалары шегінде зейнетақы жинақтары кемінде бес жыл бар болған адамдар. Яғни, ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды мысалы, 20 немесе 30 жаста бастағанда, тиісінше 25 немесе 35 жаста сіз алғашқы төлемдеріңізді ала бастайсыз.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген ЕДБ жарналарды онлайн (ұялы қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аударуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі бар. Соның негізінде жұмыс беруші БЖЗҚ-ға өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына ЕЗЖ  үнемі аударып отырады.

 

Жақында маған 2 топтағы мүгедектік белгіленді. Енді зейнетақы жинағымды емделуге мерзімінен бұрын ала аламын ба?

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы белгілі бір жағдайларда, соның ішінде 1 және 2 топтағы мүгедектік мерзімсіз уақытқа белгіленген жағдайда туындайды. БЖЗҚ алушыларға зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асыруға міндетті. Көрсетілген тәртіп, оның ішінде БЖЗҚ-дан белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының мөлшерін есептеу Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларында және Үкіметтің 02.10.2013 жылғы №1042 қаулысымен бекітілген зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру Әдістемесінде айқындалған. Осылайша, егер 2 топтағы мүгедектік мерзімсіз уақытқа белгіленсе, Сіз бекітілген кесте бойынша ай сайын БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ала аласыз.

 

Жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қызметкерлерге қандай жағдайларда төлеуі керек?

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) қызметкердің ай сайынғы табысының 5% мөлшерінде белгіленеді. МКЗЖ аударымдарын жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, кәсіптері өндіріс, жұмыс, кәсіптер тізбесінде көзделген еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстарда істейтін қызметкерлердің пайдасына жүзеге асырады. (ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысын қараңыз).

Өндірістік нысандарды аттестаттау нәтижелерімен расталған зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары тізбеден шығарылған жағдайда, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды.

МКЗЖ жұмыс берушінің зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақысы болып табылады және жұмыс беруші оны қызметкердің пайдасына өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Зейнетақы жарналарының бұл түрі республикада 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 984 Қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларының (бұдан әрі – Зейнетақы қағидалары) 10-тармағына сәйкес ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында көзделген құқықтарды, міндеттер мен жауапкершілікті, сондай-ақ, БЖЗҚ, МКЗЖ аударылатын жеке тұлға (зейнетақы төлемдерін алушы) және агент арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшеліктерін белгілейтін МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт(қосылу шарты) бекітілді.

МКЗЖ Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында табыс төленетін айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленеді.  Арнаулы салық режимін қолданатын шаруашылық жүргізуші субъектілер оны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде іске асырады.