Жамбыл облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда

Жамбыл облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда

Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ағымдағы жылдың 7 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары да талқыланды.

Жыл басынан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң динамика  сақталуда. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлағандай, экономикалық өсім 106,4 пайызды құраған. Айта кетейік, Жамбыл облысы қаңтар-шілде айларының қорытындысына сәйкес 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша республикадағы өңірлер арасында екінші орынға тұрақтаған.

Өнеркәсіптегі өнім көлемі 107,7 пайызды, ауыл шаруашылығы - 104,2, құрылыс - 116,5, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі - 116,4 пайызды, инвестициялар - 111,2, ал бөлшек сауда көлемі - 102,4 пайызға айналған.

«Көлік және қоймалау саласында көрсеткіш өткен жылдың тиісті деңгейімен салыстырғанда 2,6 пайызға артты. Алайда, жүк тасымалы  мен жолаушы тасымалы көрсеткіштердің төмендегені байқалуда. Бұл індетке байланысты коммерциялық тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жұмыс көлемінің қысқаруы есебінен қалыптасып отыр»,- деді Г. Жауынбекова.

Басқосу барысында қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев ағымдағы жылдың 1 тамызына облыс бюджетінің  кірістері 257,3 млрд. теңгеге немесе 104,9 пайызға орындалғанын жеткізді. Оның айтуынша, меншікті кірістер жоспары жергілікті бюджеттердің барлығында артығымен орындалған.

Жиынды қорытындылаған, аймақ басшысы басқарма басшылары мен аудан әкімдерін жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін аймақтың бар мүмкіндігін толық пайдалануға шақырды.