Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі шомылу маусымының өту барысы талқыланды.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 12 орын белгіленген. Бұл аумақтарда тәулік бойы 6 стационарлық және 6 мобильді құтқару жасағы кезекшілік етеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 21 құтқарушы, 8 жүзу құралы мен 8 арнайы техника жұмылдырылған.
Шомылу орындарында қызмет атқаратын 12 құтқарушы алғашқы медициналық көмек көрсету және суда құтқару бойынша 40 сағаттық арнайы даярлықтан өткен.
16-19 маусым аралығында облыстағы 7 жазғы сауықтыру лагерінде кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, 2 400 оқушы қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің қолдауымен 1000-нан астам бала жүзуді үйренді.
Шомылу маусымы басталғалы Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп 621 рейд өткізді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412, 440 және 582-баптарына сәйкес 704 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кеңес барысында облыс әкімі шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ерекше назарды талап ететін маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, профилактикалық жұмыстардың сапасы, мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді іс-қимылы және қабылданған шаралардың тиімділігі шешуші рөл атқарады.
– Жеке тұрғын үйлердегі бассейндер де назардан тыс қалмауы тиіс. Балалардың қауіпсіздігі – бәрінен маңызды. Барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіңіздер, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кеңес қорытындысында жауапты мекемелерге шомылу маусымы аяқталғанға дейін рұқсат етілген су айдындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылау, стационарлық және мобильді құтқару жасақтарының тәулік бойғы кезекшілігін күшейту, су айдындарын үздіксіз патрульдеу тапсырылды.
Сондай-ақ аптап ыстық күндері демалушылар санының артуын ескере отырып, құтқарушылардың, жүзу құралдарының және арнайы техниканың жеткілікті болуын қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда қосымша күштер мен техниканы тарту міндеті жүктелді.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға рұқсат етілген және тыйым салынған шомылу орындары, балаларды қараусыз қалдырмау, алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың қауіптілігі және судағы қауіпсіздік мәдениеті жөнінде кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.