Республика күні - Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі.
Республика күнінің тарихы
Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда "Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.
Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет "ұлттық мереке" болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, "мемлекеттік мереке" санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.
Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.
Республика күні демалыс па?
Қазақстанда ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ресми түрде демалыс болып жарияланады. Егер мемлекеттік немесе ұлттық мереке демалыс күніне (сенбі, жексенбі) түссе, демалыс күндері бір күнге ұзартылады.
Республика күні қалай тойланады?
Ұлттық мереке қарсаңында президент жарлығымен елдің дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, белсенді қоғамдық қызметімен танымал азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталады. Мемлекеттік органдарда Республика күніне орай ресми мерекелік іс-шаралар өтеді.
Сонымен қатар концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар ұйымдастырылады. Ұлттық спорт түрінен сайыстар мен түрлі жарыстар өткізіледі.
Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда мерекелік отшашу да ұйымдастырылады.