Сыбайлас жемқорлықты болдырмау – басты парыз

Сыбайлас жемқорлықты болдырмау – басты парыз

Қазіргі таңда қоғамдағы кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық мәселесі. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің дамуын тежеп, қоғамды іштен ірітетін елдің болашағына елеулі қауіп төндіретін жағымсыз құбылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың           01 ақпанында өзінің төрағалымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек делінген.

Аталған дертпен күресу арқылы жемқорлықтың жолын кесу әрбір азаматтың парызы.Баршамызға белгілі қазіргі уақытта біздің қоғамымызда діннің қоғамдық үдерістерге ықпалы артып келеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте діннің қоғамдағы жетекші рөлі мен адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын үлкен тәрбиелік әлеуетін пайдалану бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігінің артуына септігін тигізетіні анық.

Осы тұста жемқорлықтың зиянын халыққа діни тұрғыдан түсіндіру және қоғам дертіне айналған жемқорлықпен күресуге  облысымыздағы дін істері басқармасы (ары қарай – Басқарма) мен дін өкілдерінің де бірқатар игі шаралар атқарғанын атап өтуге болады.Басқарма мен дін проблемаларын зерттеу орталығы қызметкерлерінің, облыс аумағында орналасқан діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң нормаларын түсіндіру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениетті қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде семинар-кеңестер мен «дөңгелек үстел» отырыстары ұйымдастырылып, өткізіліп отыр.

Атап айтқанда, Басқарма мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің қатысуымен        ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерлері шақырылып, бүгінгі күні қоғамда маңызды орын алып отырған сыбайлас жемқорлық мәселесі, оның қоғамға тигізер зардабы және осынау қауіпті кеселдің алдын алу мен оны болдырмау шаралары аталған іс-шарада айтылып, пікірлер білдірілді.

Сонымен бірге, діни бірлестіктерде өткізілетін діни рәсімдерінде, оқылатын уағыздарында халыққа тұрақты түрде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларының нормалары, сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мақсатында және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттері туралы мешіт және шіркеу келушілеріне айтылып отырады.

Қорытындылайтын болсақ, парақорлық пен жемқорлықтың арты ешбір жақсылыққа апармайды. Болашағымыз жастарға осы төңірегінде көп насихат етіп, жемқорлықтың экономикалық және рухани кесел екендігін ұғындыра алсақ,  мемлекетіміз өркендеп, әлемнің дамыған елдерінің қатарына кірері сөзсіз.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы С.Мыңбаев