Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының жоғары білікті мамандары Меркі ауданына арнайы барып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетті. Көшпелі іс-шара аясында дәрігерлер қабылдау өткізіп, кеңес беріп, диагностикалық тексерулер жүргізді. Осындай көмекті қажет еткендердің қатарында 30 жастағы меркелік тұрғын да болды.
Дәрігерлердің айтуынша, пациент бұған дейін алдын ала тексеруден өткен. Медициналық қорытындыға сәйкес, ол – жеті мәрте жүкті болып, бес баланы дүниеге әкелген көп балалы ана. Соңғы босануы 2023 жылы кесар тілігі арқылы егіз сәбиді өмірге әкелген кезінде өткен. Сонымен қатар, екі рет жасанды түсік жасатқан. Қайталанған босанулар мен ота салдарынан жатырында тыртық пайда болған. Әйел басқа контрацепция әдістерін қолдана алмаған және болашақта жүктілікті жоспарламайтынын айтқан. Осы себепті дәрігерлер оған ерікті түрде хирургиялық стерилизация жасатуға кеңес берген.
Пациенттің жағдайы тұрақты болғандықтан, дәрігерлер лапароскопиялық стерилизация жасауды ұйғарды. Бұл әдіс – ішті үлкен тіліксіз, арнайы құралдардың көмегімен шағын тесіктер арқылы жасалатын операция. Ота барысында екі жақты фаллопий түтікшелері байланып, кесілді. Бұл – жүктіліктің алдын алуға арналған біржолғы әрі тиімді медициналық тәсіл.
Аталған операция гинекология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты гинеколог-дәрігер Сұлтан Халықовтың қатысуымен өткізілген шеберлік сабағы аясында жасалды. Бұл жас мамандар үшін мол тәжірибе алмасуға, ал ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік берді.
Хирургиялық араласу сәтті аяқталып, науқастың жағдайы бірқалыпты. Қазіргі таңда ол дәрігерлердің бақылауында.
Жалпы, мұндай көшпелі шаралар ауылдық аймақтардағы халықтың денсаулығын нығайтуда, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, бұл тәжірибелі және жас дәрігерлер арасында кәсіби білім мен тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізеді.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы алдағы уақытта да осындай іс-шараларды жалғастырып, ел денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізе бермек.