Мейіргерлердің халықаралық күні қарсаңында хирургия саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Мейіргерлердің халықаралық күні қарсаңында хирургия саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін Халықаралық мейіргерлер күні қарсаңында маңызды кәсіби басқосу өтті. Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында «Хирургиядағы мейіргерлік істің өзекті мәселелері» атты алғашқы мейіргерлік конференция ұйымдастырылып, саланың білікті мамандары мен жетекшілері жиналды.

Конференцияны орталықтың директоры, профессор Сейітхан Жошыбаев ашып, қатысушыларға құттықтау сөзін арнады.

Шараға арнайы қонақ ретінде Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев, Жамбыл медициналық колледжінің директоры Жамиля Сарыбекова, Жамбыл облысының бас мейіргері (штаттан тыс) Боқушева Л.Т. қатысты.

Конференция бағдарламасына денсаулық сақтау саласындағы мейіргерлік қызметтің өзекті мәселелері жөніндегі пленарлық отырыстар енді. Онда науқастарға отадан кейінгі күтім ерекшеліктері мен жетістіктері, шала туған нәрестелерге күтім жасау әдістері, балалар жасындағы ауруларды кешенді басқару, мейіргер жұмысына жасанды интеллектіні енгізу сынды өзекті тақырыптар қозғалды.

Сонымен қатар, шеберлік сабақтары аясында жүрек-өкпе реанимациясы (BLS) бойынша конкурс ұйымдастырылып, нақты жағдайлармен жұмыс жүргізілді. Жеңімпаздар арнайы марапатқа ие болды. Тәжірибелік бөлімдерде жараға күтім жасау, трахеостома мен катетерге қызмет көрсету, қысым жарасының алдын алу, «көк код» арбасын пайдалану және ота барысын тікелей эфирде көрсету секілді практикалық машықтар көрсетілді.

Шара соңында бакалавриат пен кәсіби біліктілік санаты туралы пікірталас өрбіп, мейіргерлердің кәсіби өсу жолындағы жаңа мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.

Алғаш рет ұйымдастырылған бұл конференция мазмұнды, пайдалы және әсерлі өтті. Ұйымдастырушылар мұндай білім беру бағытындағы шаралар жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасады деген сенім білдірді.