Облыстық денсаулық сақтау басқармасының аппараттық кеңесі өтті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының аппараттық кеңесі өтті

Бүгін Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевтың төрағалығымен өңірдегі медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің қатысуымен аппараттық кеңес өтті.
Басқосуда 2025 жылдың бірінші тоқсанында азаматтардан түскен өтініштер мен шағымдардың қорытындысы қаралды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы Дәурен Бурханов баяндама жасап, кейбір медициналық ұйымдарда шағымдардың артқанын атап өтті. Оның айтуынша, сапасыз медициналық көмек көрсету, қызмет көрсетуден бас тарту және ТМККК мен МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмек беруден бас тарту бойынша шағымдар көбейген.
Д. Бурханов бұл жағдай кешенді талдауды және мекеме басшылары тарапынан белсенді жұмысты, соның ішінде азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беруді және пациенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартуды талап ететінін атап өтті.
Кеңес барысында емханалар дәрігерлерінің жұмысын жеңілдетуге арналған жасанды интеллект элементтері ендірілген «ДИАСМАРТ» бағдарламасы таныстырылды. Сонымен қатар, медициналық көмектің сапасын арттыру және емдеу-алдын алу мекемелерінің жұмысын оңтайландыру мәселелері талқыланды.
Жиын соңында Ерік Мұсабаев сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, медициналық қызмет сапасын арттыру, шағымдарды азайту және тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуді тапсырды.