Байзақ ауданында алғаш рет күрделі ота жасалды

Байзақ ауданында алғаш рет күрделі ота жасалды
Байзақ аудандық орталық ауруханасында гинекологиялық хирургия саласында заманауи технологиялар енгізілуде. Аурухана басшылығының қолдауы мен дәрігерлердің кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіруінің арқасында мұнда аналық без кистасы, жатырдан тыс жүктілік, жатыр миомасы мен стерилизацияға қатысты лапароскопиялық операциялар сәтті жасалып жүр.

Жуырда Байзақ аудандық ауруханасында айтарлықтай маңызды оқиға болды — Жамбыл облысы көлемінде аудан деңгейінде алғаш рет жатыр қосалқыларын сақтай отырып, лапароскопиялық экстирпация жасалды. Бұл жетістік аурухананың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуінің және медицина мекемесі әкімшілігінің қолдауының арқасында мүмкін болды.

Науқас әйел ауруханаға бірнеше рет қайталанған жатырдан қан кету шағымымен түсті. Госпитализация сәтінде гемоглобин деңгейі бар болғаны 40 г/л болды. Ауыр жағдайдың себебі — көптеген миомалық түйіндер еді. Консилиум нәтижесінде шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданды.

Операцияны Байзақ аудандық ауруханасының бас дәрігері, жоғары санатты хирург Жандос Рысқұлов басқарды. Операциялық бригада құрамында гинеколог Гүлдер Алипбаева, хирургтер Елгельді Сейітқасымов пен Хакимбек Әлния́зов, анестезиолог Асет Қуатов және операциялық мейірбике Айгүл Испанова болды.

Айта кету керек, аурухананың екі гинекологы Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтында кәсіби даярлықтан өтіп, лапароскопиялық хирургияның заманауи әдістерін меңгерген. Ауданда лапароскопиялық бағыттың дамуына медицина ғылымдарының кандидаты, аталмыш институт директоры Данияр Жақұповтың жетекшілігімен өткен шеберлік сабағы үлкен үлес қосты.

Науқас әйел операцияны сәтті өткеріп, қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды. Клиникалық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, дәрігерлердің жоғары кәсібилігінің және заманауи тәсілдердің арқасында әйелдің сауығып кетуіне және өмір сапасын қалпына келтіруге толық мүмкіндік жасалды.

Байзақ аудандық орталық ауруханасы озық медициналық технологияларды енгізе отырып, аудандық медицинаның мүмкіндіктерін кеңейту жолында сенімді қадамдармен алға басып келеді.