Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының конференц-залында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің бірі – онкологиялық аурулардың кеш анықталған, асқынған түрлері бойынша комиссия отырысы өтті.
Жиынға Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай мен орталықтың директоры Жандос Сейдахметов қатысты.
Онда өңірде 2025 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған онкологиялық қызмет жұмыстарының нәтижелері сараланды. Ұйымдастырушылық-әдістемелік бағыттағы жұмыстарды үйлестіруші Александр Тин және емхана бөлімінің меңгерушісі Бахытжан Мусаев баяндама жасап, нақты деректер мен көрсеткіштерді ортаға салды.
Комиссия мүшелері IV сатыдағы қатерлі ісіктердің асқынған жағдайларын егжей-тегжейлі талдап, кеш диагноз қою себептеріне назар аударды. Бұл жағдайлардың басым бөлігі аудандық және қалалық емханаларда тіркелген. Қатысушылар әрбір нақты клиникалық мысалды қарап, мұндай деректердің алдын алу үшін алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру мен науқастарды дер кезінде тексеруден өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, онкологиялық қызметтің негізгі көрсеткіштері мен диагностика, пациентті маманға жолдау сынды маңызды бағыттарда кездесетін түйткілдер де назардан тыс қалмады. Әсіресе, ЖОМЦ ОиХ-на жолданған науқастар бойынша тіркелген кемшіліктер мен ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралды.
Байзақ және Меркі аудандары, №6 және №7 қалалық емханалар, «Мейірім» медициналық орталығы мен Садыхан консультативтік-диагностикалық орталығы сияқты мекемелерден түскен нақты жағдайлар талқыланды. Әрқайсысына жеке баға беріліп, ерте кезеңде анықтауға бағытталған ұсыныстар айтылды.
Кеңес қорытындысында профилактикалық шараларды күшейту, медицина қызметкерлерінің онкологиялық қырағылығын арттыру және тұрғындар арасында скрининг өткізу қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Мұндай кездесулер бүгінгі өзекті мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен бірге өңірдегі онкологиялық дерттің алдын алуға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдерді қалыптастыруға жол ашады.