2025 жылғы 21–22 сәуір күндері Ресейдің Омбы қаласындағы заманауи көпбейінді медицина орталығы «Евромед» базасында семіздік пен оған байланысты метаболикалық бұзылыстарды хирургиялық жолмен емдеуге арналған шеберлік сабағы өтті. Бұл іс-шараға Жамбыл облысының атынан Байзақ орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Жандос Рысқұлов қатысты.
Оқу бағдарламасы аясында қатысушылар лапароскопиялық гастрошунттау, минигастрошунттау және асқазанның бойлай резекциясы сияқты бариатриялық операциялардың барысын бақылап, талдады. Сабақтар жоғары санатты хирург, «Евромед» орталығының хирургия жөніндегі басқарушы орынбасары әрі хирургиялық орталық жетекшісі Анатолий Александрович Калиниченконың жетекшілігімен өтті.
Шеберлік сабағы клиникалық жағдайларды талдауды, операциялық емдеуге көрсетілімдерді зерттеуді, дәрістер мен нәтижелерді талқылауды қамтыды. Анатолий Александрович «Морбидті семіздік пен метаболикалық синдромды хирургиялық емдеу» тақырыбындағы баяндамасында бариатриялық хирургия дене салмағы индексі (ДСИ) 40 кг/м²-ден жоғары немесе ДСИ 35–40 кг/м² аралығында болып, ауыр қатар жүретін аурулары бар (қант диабеті, гипертония, дислипидемия, остеоартроз) пациенттерге көрсетілетінін атап өтті.
Сабақ барысында әртүрлі операция түрлері жан-жақты қарастырылды: рестриктивті (мысалы, асқазанның бойлай резекциясы), мальабсорбтивті (билиопанкреатикалық шунттау) және аралас әдістер (Ру әдісімен гастрошунттау, минигастрошунттау, SADI).
Бариатриялық емнің нәтижелері ерекше әсер қалдырды: артық салмақтың орташа жоғалуы 74%-ды құрайды, ал пациенттердің 75%-ында операциядан кейінгі алғашқы бір жыл ішінде ДСИ 22–28 деңгейінде тұрақталады. Сонымен қатар, 2 типті қант диабеті жағдайында тұрақты ремиссия 92% жағдайда байқалады, артериялық гипертензия 98% науқаста басылады, ал дислипидемия алты ай ішінде жойылады. Тағы бір маңызды жетістік – семіздікке және екінші дәрежелі бедеулікке шалдыққан әйелдер арасында жүктіліктің басталуы: 46 жағдайда дені сау сәбилер дүниеге келген.
Шеберлік сабағының соңында қатысушыларға оқу курсын өткенін растайтын дипломдар табысталды.
Жандос Рысқұлов іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, бағдарламаның практикалық бағыты мен клиникалық жағдайлардың терең талданғаны үшін алғысын білдірді. Ол бұл білімнің кәсіби тұрғыдан құнды тәжірибе болғанын және Жамбыл облысында бариатриялық көмекті дамытуда маңызды қадамға айналғанын атап өтті.