21 сәуірден бастап Жамбыл облысынан барған он дәрігерден құралған делегация Оңтүстік Кореяның жетекші медициналық мекемелерінде кәсіби тәжірибеден өтуде. Бұл сапар аясында дәрігерлер H+ Yangji көп бейінді ауруханасына барып, заманауи роботтандырылған технология – Da Vinci жүйесі арқылы жүргізілген аз инвазиялық холецистэктомия (өт қабын алу) операциясын бақылауға мүмкіндік алды. Операцияны Кореяның тәжірибелі хирургі Ли Бён Мо жүргізді. Мамандардың айтуынша, бұл әдіс операция кезінде қан жоғалтуды, ауырсынуды және инфекция қаупін айтарлықтай төмендетіп, науқастың тезірек сауығуына септігін тигізеді.
Жамбылдық дәрігерлер үшін бұл операцияға қатысу – ерекше тәжірибе болды. Өт қабы секілді терең орналасқан мүшені алып тастау жоғары дәлдікті талап етеді, ал роботтандырылған жүйенің қолданылуы бұл процесті анағұрлым қауіпсіз әрі тиімді етеді.
Бұл кәсіби ынтымақтастықты Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары да назардан тыс қалдырған жоқ. Қазақстандық делегацияның роботтандырылған хирургияға қатысуы туралы материал елдің жетекші басылымдарының бірінде жарық көрді. Онда жамбылдық мамандардың сапары жергілікті медициналық қауымдастық арасында ерекше қызығушылық тудырғаны және мұндай халықаралық тәжірибе алмасулардың заманауи технологиялардың таралуына, сондай-ақ елдер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Тәжірибе алмасу әлі де жалғасуда. Жамбылдық дәрігерлер жаңа білім мен дағдыларды меңгеру барысында, сапар қорытындыларымен алдағы уақытта бөлісуді жоспарлап отыр. Мұндай халықаралық сапарлар – денсаулық сақтау жүйесіне салынған маңызды инвестиция. Олар қазақстандық медицинада инновацияларды енгізуге жол ашып, саланың дамуына тың серпін береді.